Қоғам

Ауыл тынысы

Өңірдегі ауылдар мемлекеттің жүйелі қамқорлығының арқасында түтіні түзу шығып, көркеюде. Соның бірі де бірегейі – Аққайың ауданына қарасты Полтавка ауылы. Елді мекен бір орында тұрмай дамып келеді. Бұл аймақта “Полтавское” серіктестігі егін егіп, мал өсіреді. Шаруашылық басшысы тұрғындарға көмектесуден еш жалыққан емес. Тіпті, бір жылдың ішінде 10-нан астам баспана салып берген.

ЕРЛАН ЗИКИРИН, “Полтавское” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Қаншама қиын кезді бастан өткердік. Бірақ, үкімет қолдауының арқасында барлығын жеңіп шықтық. Жыл сайын мемлекеттен егіс жұмыстарына аз пайызбен қаражат аламыз. Мысалы, биыл 600 млн теңге алдық. Осы көмектің арқасында шаруашылығымыз дамып жатыр. Өзіміздің туып-өскен ауылымызда кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Тиісінше, ауыл адамдарына жағдай жасаудамыз. Елді мекендегі жолдардың 60 пайызын өз қаражатымызға салдық. Медициналық қосын да бар. Көшіп келген адамдардың саны да көп. Келем деушілерге әрдайым есігіміз ашық. Оларға баспана беріп, жұмыспен қамтимыз.

Жергілікті кәсіпкерлер өздері үшін ғана емес, ауыл адамдары үшін де жұмыс істейді. Серіктестік басшысы өз қаражатына мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тіпті жаңадан балабақша салған. Ал елді мекен жолдары толығымен асфальтталған. Полтавкада керектінің бәрі бар. Тіпті, қала ма дерсің.

ЕРЛАН ЗИКИРИН, “Полтавское” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Ауылымызды көркейтуге жыл сайын өз қалтамыздан 250-300 млн теңге жұмсаймыз. Қазіргі таңда үлкен монша салып жатырмыз. Бізге өзге облыстардан адамдар неге көшіп келеді деп ойлайсыздар? Себебі, ауамыз таза, табиғатымыз керемет, ауыл шаруашылығы да дамыған. Жалпы, шаруа қожалығына тоқтала кетсем, 12 мың гектарға жуық егін егеміз. 1300 жарнашымыз бар. Бірде-бірі пайсыз қалмайды.

Полтавкада 900-ға жуық адам тұрады. Тұрмысы тамаша елді мекенде тұрғын саны жыл сайын артуда. Биылдың өзіңде 18 жанұя көшіп келіпті. Көбінесе адамдар басқа облыстардан қоныс аударады екен. Бұған себеп – ауылда барлығы жұмыспен қамтылған, балаларына да бар жағдай жасалған. Осыдан-ақ, теріскейлік елді мекендердің дамып, гүлденіп жатқанын көре аламыз. Ауылға былтыр ғана көшіп келген Валентина Христосовамен тілдесіп көрдік. Нәзікжанды ауыл ұнайтынын, бұл жерден ешқашан көшпейтінін айтты.

ВАЛЕНТИНА ХРИСТОСОВА, ауыл тұрғыны:

– Өзім мектепте жұмыс істеймін. Күйеуім шаруашылықта қызмет атқарады. Келген кезде мұндай жағдай жасалады деп ойламадым. Бізге керектінің бәрі бар. Балаларым балабақшаға барады. Қаладан кем тұрмаймыз деп айта аламын. Ауыл дүкендеріндегі баға қаладан арзан. Осы жерге көшіп келгеніме еш өкінбеймін.

Ал мынау – Власовка елді мекені. Бұл аймақтың гүлденуіне үлкен үлесін қосқан жанның бірі – Владимир Гердт. Мемлекет тарапынан көмек алып, кәсібін домалатып отырған азамат мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Әлия Ербатырованың сөзінше, осы ел ағасының арқасында ауылдың іші тап-таза, басқа аймақтардан келген тұрғындар баспанамен қамтылған.

ӘЛИЯ ЕРБАТЫРОВА, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы, Аққайың ауданы:

– Соңғы 3 жылда ауыл айтарлықтай дамыды деп айтсам болады. 7 көшеге асфальт төселді. Сол жолмен ауыр жүк көліктері жүрмесін деп жол аркаларын орнаттық.

Қазір Власовкада 230 үй түтін түтетіп отыр. Ал ауыл тұрғындарының саны 700-ден асып жығылады. Елді-мекендегі барлық баспана сумен қамтылған. Алдағы уақытта тағы да бірқатар абаттандыру жұмысы жүргізілмек.

ӘЛИЯ ЕРБАТЫРОВА: ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы, Аққайың ауданы:

– Владимир Вольдемарович ауылға бірнеше отбасыны көшіріп әкелді. Оларды жұмыспен қамтыды. Шаруашылығында 110-нан астам адам істейді. Ауылдық іс-шараларға әрқашан қаржы бөліп, әлеуметтік дамуымызға көп көмегін тигізді.

Облысымыз – ауыл шаруашылығы жағынан еліміздің беткеұстар аймақтарының бірі. Осының арқасында ауылдарымыз дамып, тұрғындар жұмыспен қамтылуда.