Қоғам

Ақжарлық білікті мамандардың жұмысы

Тұтастай су астында қалған Заречный кенті күннен күнге өзгеріп келеді. Бұл аймақта Ақжар ауданынан келген механикалық бригада аянбай тер төгуде. Олар таң атқаннан кеш батқанша дейін жұмыс істеп жатыр.

БӨГЕНБАЙ ЖҰРЫНТАЕВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Жұмыс тобында 35 адам бар. Бізге 89 үй тапсырылды. Соның 22-сі тұруға жарамды деп танылды. 11 үйді қалыпқа келтіріп жатырмыз.

Жұмыс тобы облыс орталығына 10-шы мамыр күні келіпті. Ауқымды іс атқарылған. Білікті мамандардың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Осы күнге дейін 7 тонна қоқыс шығарған.

БӨГЕНБАЙ ЖҰРЫНТАЕВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары:

– 64 үй жарамсыз деп танылды. Қазіргі таңда біз оларды сүріп жатырмыз. Халық біздің жұмысымызға дән риза.

Бұл – Николай Зайцевтің баспанасы. Тасқын кезінде үйдің жартысы су астында қалған. Қазіргі таңда нысан адам танымастай өзгерген. Ақжарлық мамандар үйді 15 күннің ішінде қалыпқа келтіріпті.

НИКОЛАЙ ЗАЙЦЕВ, Заречный кентінің тұрғыны:

– Үй 50-ші жылдары салынған. Өмір бойы осы баспанада тұрып келемін. Сметалық құны – 9 млн теңге. Үйім 1 ай бойы суда тұрды. Ақжарлық мамандарға алғысым шексіз. Бәрін өзім айтқандай жасап берді. Мамандармен да тез тіл табысып кеттім. Баспанамды дәл осылай жасап береді деп еш ойламадым. Маған ұнады.

Ақжарлық мамандар барлық жұмысты 1-ші тамызға дейін аяқтамақ.