Қоғам

800-ден астам азаматқа Отбасының цифрлық картасы арқылы МӘСҚ-тен әлеуметтік төлем тағайындалды

Биыл Отбасының цифрлық картасы арқылы 800-ден астам қазақстандық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алу құқығын пайдаланды. Оның ішінде 775 адам жұмысынан айырылуы және 32 адам бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем алды. Бұл туралы бейінді министрліктің сайтында жазылды. Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілді мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуға құқылы екенін жеткізіп отыратын «электрондық жаршы» қызметін атқарады. Қазіргі уақытта ОЦК әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдердің мынадай 3 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. SMS алған азамат оған келісімі жөнінде жауап беруі керек. Өтінішті рәсімдеу және әлеуметтік төлемді тағайындау кейін алушының банктік шотына ақша қаражатын аудара отырып, автоматты режимде жүргізілетін болады. Төлем алушының ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда, әлеуметтік төлемдер тағайындау бойынша қызметтерді проактивті форматта көрсетуге болады, оны egov.kz порталы арқылы жасауға болады. Өткен жылы ОЦК көмегімен 17 мыңнан астам азаматқа МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Жалпы, былтыр 1,3 млн қазақстандық МӘСҚ-тен 750,7 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды.

ОЦК әлеуметтік сақтандыру жүйе қатысушыларына өтінішсіз МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемнің үш түрін ресімдеуге мүмкіндік береді:

– еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда,
– жұмысынан айырылған жағдайда,
– асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер.

 

Данаш Хамза