Денсаулық сақтау

10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні

Биыл алғашқы рет Қазақстанда ветеринария қызметкерлерінің күні аталып өтуде. Мереке қарсаңында аталған сала қызметкерлері облыстық әкімдікте бас қосты. Ветеринария саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті әріптестер, Ветеринар күні – бұл қиын мамандықты таңдаған әрбір қызметкерле алғыс айтатын күн. Барлық деңгейдегі адал әрі үлесімді қызметінің арқасында ветеринарлық қызметтің беделі жыл сайын нығайып келеді. Баршаңызға зор денсаулық, береке мен табыс тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Салтанатты жиын барысында бірқатар ветеринария саласының қызметкерлері марапаттарға ие болды. Солардың бірі – Ғ.Мүсірепов ауданының ветеринариялық станциясының директоры Қамидолла Жазитов. Ол өмірінің 40 жылға жуығын осы салада еңбек етуге арнаған. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

ҚАМИДОЛЛА ЖАЗИТОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы ветеринариялық станциясының директоры:

– Мені марапаттап жатқанына рахметімді, алғысымды жолдаймын. Көп жыл еңбек етіп, осы ветеринария саласында білімімізді, күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Артымыздағы жастарға тәжірибемізді, білімімізді үйретіп, осы ветеринария саласын өркендетуге ат салысып келеміз.

Ғ.Мүсірепов ауданы Рузаевка ауылдық округінің мал дәрігері Гүлмира Исабаеваның еңбегі еленіп «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Нәзікжанды өмірінің 34 жылын ветеринария саласында қызмет етуге арнаған.

ГҮЛМИРА ИСАБАЕВА, мал дәрігері:

– Бүгін біздің кәсіби мерекеміз алғашқы рет аталып өтуде. Өте қуаныштымыз. Еңбегім еленіп марапат алып жатырмын. Алғысымды білдіремін. Ал мал дәрігеріне оқып жатқан жастарға айтарым, қорықпаңдар, адал еңбек етсеңдер, барлығы жақсы болады. Бұл мамандықты әйел адамдар үшін қиын деп санайды. Дегенмен, жануарларды емдеп, қамқор болу бұл әйел адамға жақын деп ойлаймын.

Тағы да бірқатар ветеринария саласының қызметкерлері Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, аталған сала ардагерлерінің төсіне «Еңбек ардагері» медалі тағылды. Салтанатты жиын барысында аудандық ветеринариялық инспекцияларға 39 қызметтік автокөліктің кілті табысталды.

 

Мәдина Қаби