Sailau banner

Қоғам

Олжас Бектенов жалпыға ортақ жолда карьерлік жүк көлігінің жүруіне тыйым салу туралы норманы енгізуді пысықтауды тапсырды

Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-Министр жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, жол инфрақұрылымын дамыту мәселесін кешенді түрде шешуді тапсырды. Бұл ретте Олжас Бектенов жол құрылысы кезінде жемқорлық тәуекелдерін азайту жұмыстарын да күшейту керектігін баса айтты. Үкімет басшысы жол сапасына әсер ететін жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк таситын карьерлік автокөліктердің жүруі негізгі мәселелердің бірі екеніне тоқталды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Бұған дейін Көлік министрлігіне тиісті параметрлерге сай келмейтін ауыр техниканың жүруіне тыйым салу үшін қажетті шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Сондықтан, заңнамаға түзетулер енгізілді. Жаңа норма 2026 жылдан бастап жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салуды көздейді. Алайда, бұл норманы келесі 2025 жылдан бастап енгізу мәселесін пысықтау керек.

Үкімет отырысында Премьер-Министрге жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүргізіп жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Биылғы 6 айда сапа сараптамасы арқылы республикалық желі нысандары 100%, ал жергілікті желі нысандары 84% қамтылды. 10 өңірде жергілікті желіні толық қамтуға қол жеткізілді. 5 мың тексеру жүргізіліп, оның барысында 11 мыңға жуық материал үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілді. Сараптама нәтижелері бойынша 16 мың тонна асфальтбетон, 27 мың тонна инертті материал және 3 мың тонна битум қолдануға рұқсат етілмеген. Ең көп сәйкессіздіктер Жамбыл, Түркістан және Абай облыстарында тіркелді. Сондай-ақ, сараптама барысында жұмыс жүргізу технологиясының 1,9 мың кемшілігі анықталып, оның ішінде 621 ақау жойылды. Қалған ақаулар бақылауға алынып, нысандар пайдалануға берілгенге дейін жойылады. Олжас Бектенов жыл сайын жұмыс қыза бастаған шақта туындайтын жол-құрылыс материалдарының тапшылығы мәселесіне назар аударды. Көлік министрлігіне инертті материалдардың, техникалық және еңбек ресурстарының бар-жоғына ревизия жүргізу, сондай-ақ, битуммен уақытылы қамтамасыз ету тапсырылды.