Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Қарасай» стадионы қайта қалыпқа келтіріліп жатыр

Құрылысқа «Зерттеу СК» ЖШС жауапты. Қайта қалпына келтіру жұмыстары басталғалы футбол алаңының жамылғысы, жарық жүйесі толық ауыстырылған. Қазіргі уақытта біршама іс тындырылған. Жөндеу жұмыстары барысында әкімшілік корпус ғимаратының аумағын кеңейту де жоспарланған.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Әкімшілік тұрмыстық корпус өзгереді. Мұндағы ескі 800 шаршы метр аумақты 1300-ге дейін ұлғайту жоспарда бар. Барлығы – 4 қабат болады: киім ауыстыратын бөлме, VIP қабат, және БАҚ қызметкерлеріне арналған арнайы кабиналар орнату қарастырылады.

Стадион Еуропалық футбол қауымдастықтарының талаптары мен критерийлеріне сәйкес қайта құрылады. Бұл ғимаратта әйелдер мен ерлерге арналған жуыну, массаж бөлмелері қарастырылған. Одан бөлек спортшылармен қонақтарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер болады.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Екінші кезеңде киім ауыстыратын бөлмелерді жөндеп, орындықтарды ауыстырамыз. Жуынатын бөлмелерді де қайта қалпына келтіреміз. Кейін 400 метрлік жүгіру жолақтары да ауыстырылатын болады. Жабаев көшесінен бастап кіреберіс жол мен стадионнның ауласы тазартылады.

Айта кетейік, стадионды қайта қалпына келтіру жұмыстарын желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.