Sailau banner

Қоғам

Депутаттар тасқыннан зардап шеккен ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– МТРК арнасының түсірілім тобы тасқыннан зардап шеккен аймақ – Большая Малышкаға табан тіреді. Бұл – елді мекенде 321 баспана су астында қалған. Бірақ, бірде-бір жан қолдаусыз қалмады. Бағалаушылар келіп, тұруға жарамсыз деген үй иелеріне баспана берілсе, ал қалғанында қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Аты аталған аймақта Тайынша ауданынан келген жұмыс тобы аянбай тер төгуде. Атқарылып жатқан жұмыспен Мәжіліс және Сенат депутаттары Дмитрий Колода, Еркебұлан Мәмбетов және Әсем Рахметова танысты. Спикерлер зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, арыз- шағымдарын тыңдады. Тиісінше, механикалық бригадаға барлық істі тұрғындардың айтуы бойынша істеуді тапсырды.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл аймақта 66 үй жарамсыз деп танылған болатын. Оларға Бірлік ықшам ауданынан жаңадан үйлер беріледі. Біз қалған баспаналардағы қалыпқа келтіру жұмыстарымен таныстық. Бәрі ойдағыдай деп айта аламын.

Жалпы, бұл аймақта тұрғындардың көпшілігі қалыпқа келтіру жұмыстарын өздері жасаймыз деп шешіпті. Бірақ, депутаттар ауылдық округ әкіміне жұмыс барысын жіті қадағалау керектігін айтты. Себебі, әр баспанада жөндеу жұмыстары сапалы жүруі тиіс.

ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өздеріңізге белгілі, өңірімізге қыс ерте келеді. Сол үшін үйлердің сапалы жасалуы аса маңызды. Әрине, біраз қиыншылықтар бар. Бірақ, біз оны бірлесе отырып шешеміз деп ойлаймын.

Тасқыннан зардап шеккен жанның бірі – Павел Вожжов. Апат кезінде су үйінің терезесіне дейін жетіпті.

ПАВЕЛ ВОЖЖОВ, ауыл тұрғыны:

– Жігіттер жақсы жұмыс істеуде. Құрылыс менің айтуым бойынша жүріп жатыр. Баспанамның сметалық құны 5 млн 700 мың теңгені құрайды. 10 күнде үйге кіруді жоспарлап отырмын. Үйіме осылай су кіреді деп ойламадым. Бағалаушылар келіп баспанамды тұруға жарамды дегенде қуанышымда шек болмады.

Большая Малышкадағы үйлердің 90 пайызы су астында қалыпты. Бірақ, ауылдық округ әкімі Владимир Рудердің сөзінше, зардап шеккен жандар бірнеше жыл тұрған баспаналарынан көшкісі келмейді екен.

ВЛАДИМИР РУДЕР, Березовка ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Қазіргі таңда үйлерді сүру бойынша тізім жасаудамыз. Бірер күнде жұмысты бастаймыз. Әрине, кейбір адамдар үйлерін қимайды, кеткісі келмейді. Біз олармен сөйлесіп, жаңадан баспана берілетіндігін айттық. Тасқыннан кейін елді мекен іші қоқысқа толы. Апта сайын сенбіліктер өткіземіз. Соның арқасында ауыл реңі кіріп қалған. Апатық жағдай басталған уақыттан бастап бізге бірнеше адам келіп, көмек сұрады. Барлығымен кездесіп, арыз-шағымдары бойынша жұмыс істеудеміз.

Халық қалаулылары салынып жатқан медициналық пункттің құрылыс барысымен танысты. Аталған нысандағы жұмыстармен жергілікті “Севимсталькон” серіктестігі айналысуда. Құрылыс жұмыстары осы айдың басында басталыпты.

ВЛАДИМИР РУДЕР, Березовка ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталуы керек болатын. Бірақ, су тасқыны бізге кедергі болды. Медициналық пунктте емдеу бөлмелері, ординатор бөлмесі, акушер кабинеті, сынама алу мен зертеу, сондай-ақ, дезинфекциялық заттарды дайындауға және сақтауға арналған бөлме, дәріхана қарастырылған. Нысанды жыл соңына дейін қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз.

Алдағы уақытта халық қалаулылары жұмыс сапарымен Уалиханов және Ақжар аудандарына бармақ.