Экология

Балық инспекторының бір күні

Бүгін тілшілер балық шаруашылығы инспекциясы мамандарымен Есіл өзеніне шығып, бір күндік жұмыстарымен танысты. Бірінші болып балық аулап жүрген балықшыларға бардық. Бас маман Григорий Петрушевский кездескен балықшыларға қауіпсіздік ережесін қаперге салды.

Қызылжар ауданының тұрғыны Евгений Лямцев балық аулау десе ішер асын жерге қоюға әзір. Осы іспен шұғылданғанына бақандай 50 жылдан асыпты.

ЕВГЕНИЙ ЛЯМЦЕВ, балықшы, Қызылжар ауданы:

– Біз таңертеңнен бері осы жерде жүрміз. Әзірге, қармаққа ештеңе іліккен жоқ. Тиісті ереженің барлығын білеміз. Кішкентай балықтарды босатып, үлкендерін ұстай беруге болады және оларды аумен аулауға тыйым салынған. Балық аулаумен бала кезден айналысамын. Сатпаймын, отбасыма апарамын. Күнделікті кәсібім десем болады.

Одан әрі өзен жағасын бойлай жүріп 100 метрлік ауға кез болдық. Мамандардың сөзінше, бұндай торлы дүниені суға мүлдем қоюға болмайды. Себебі, балықшылардың да, демалушылардың да өміріне қауіп төндіреді. Оған аулауға тыйым салынған шабақтар да ілініп қалады екен.

Біз тапқан аудың тұрғанына біраз уақыт болыпты. Тұзаққа түскен бірнеше балықтың барлығы тұншығып қалған. Кінәлі адамды табу қиын, дегенмен хаттама толтырылады.

ГРИГОРИЙ ПЕТРУШЕВСКИЙ, СҚО балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

– Қазір жаз кезінде балық әдетте суға тереңдей түседі. Сол себепті, оны оңай аулау үшін кейбіреуі осылай ау қойып кетеді. Ұзақ күткілері келмейді. Су жағасында жүріп, осындай аудың бірнешеуін анықтаймыз.

Балық аулаудың өзіндік тәртіп-тәсілі бар. Ереже бұзылса, бұзақыға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Бұл жер – балық инспекторларының қосыны. Мұнда құтқарушылар да кезекшілік атқарады. Су бойында бағдарлап отыратын мамандар балықшылар тарапынан қандайда бір бұзақылықты байқаса, бірден бейінді инспекцияға хабарлайды.

Солтүстік өңір бойынша Есіл өзені 800 км-ді алып жатыр. Соның барлығына осы мамандар жауапты. Есіл өзенінен басқа өңірдегі өзен-көлдерді қадағалайды. Басқа облыстарға іссапармен де шығып тұрады.

Өңір бойынша 10-нан астам балық инспекторы жұмыс істейді. Әрқайсысының мойнында өзіндік міндеттері бар.

 

Мәдина Қаби