Тасқын көркі мен берекесін қашырған Ойқаланы бірнеше мехбригада ретке келтіріп жатыр. Соның бірі – айыртаулықтар. Бұл ауданнан мамырдың басында 5 бірдей жұмыс тобы келіп, аптап ыстықта да, толассыз жаңбырда да тер төгіп жатыр.
Айыртаулықтарға қалыпқа келтіруге берілген аралық Дубынин мен 5-ші Армия көшелері. Аталған учаскеде 111 үй орналасқан. Олардың барлығы бойынша тиісті техникалық қорытындысы шығарылған.
ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Бізде осында 111 учаске бар. Соның ішінде 83 үй тұруға жарамайды. Қазір сол 83 үйді бұзу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда 41 үй бұзылып, полигонға шығарылған. Полигонға 7 мың текше метр қоқыс шығарылды. 28 үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 25 үйді иелерінің өздері қалыпқа келтіруде. 3 үйді біздің механикалық бригада жөндеп жатыр.
Мамандардың айтуынша жұмыс барысында уақыт алатыны – үйді кептіру. Мария Шатныхтың да үйін мехбригада 1 ай бойы құрғатыпты. Әуелі суын сорған, маңайдағы тасқынмен келген қоқысты шығарған. Бүгінде едені ауыстырылыпты, терезелері жаңартылыпты, енді төбесі түзетіліп жатыр. Ойқалада отыз жыл тұрған үй иесі мемлекет қолдауына ризашылығын білдірді.
МАРИЯ ШАТНЫХ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:
– Осыншама көлемде су келеді деп кім ойлаған? Жиһаз бен тұрмыстық техниканы ылғал баспасын деп жоғары қояғаннан қайыр болмады. Үйдің асты биік болғанымен тасқын су терезенің бел ортасынан келді. Бағалаушыны көп күткен жоқпыз. Үйді шамамен 10 млн теңгеге жуық бағалап кетті. Тиісті төлемдерімді алдым.
Бір ай тұрған су біраз нәрсені бүлдірген. Отбасы қазір уақытша туыстарын паналауда. Ара-арасында мехбригаданың жұмысын бағдарлап-бақылап кетеді. Жұмыс қарқыны мен сапасына қатысты шағым жоқ дейді.
Мехбригада құрамында 20-ға туық техника бар. Әр бригадада шамамен 7 адамнан. Аудан әкімінің орынбасары Еңбек Исиннің айтуынша кейбір отбасылар жөндеу жұмысын өздері жүргізгенді құп көреді екен.
ЕҢБЕК ИСИН, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:
– Жөндеу жұмысын өзіміз жасаймыз деп шешкен отбасылар құрылыс материалының арзанырағын, сапасы жоғарысын іздейді. Сосын бәрін баппен істейді. Мысалы, біз үйді кептіруге шамамен 1 ай уақыт арнасақ, олар 2 ай уақыт бөледі. Кейбіреуінің өздерінің құрылысшылары да, уақыты да бар. Бізге жұмысты тындыруға белгілі бір уақыт берілген. Бәрі кесте бойынша жүріп жатыр. Ал жөндеу жұмысын өздері істеп жатқан азаматтар тиісті есепті 4-5 айдан кейін тапсырады.
Айыртаулық мехбригада үйлерді жөндеу жұмыстарын шілденің 25-27-сіне дейін, сүру жұмыстарын тамыздың 1-іне дейін аяқтауды жоспарлап отыр.