Қоғам

Жамбылдық жұмыс тобының жұмысы

Тасқыннан біршама залал тиген Былғары зауыты кенті бүгінгі күні біраз оңалып қалған. Себебі, бұл елді мекенде жамбылдық жұмыс тобы аянбай тер төгуде. Ауқымды іс атқарылған. Тіпті, 15 тоннадан астам қоқыс шығарылыпты.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:

– Жұмыс тобына 109 үй тапсырылған. Оның 83-і жарамсыз. Қазіргі таңда 50-ін бұздық. Ал қалған үйлерде қалыпқа келтіру жұмыстары жүруде.

Іскер жандардың жұмысын бас бармақпен бағалауға болады. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек етуде. Осыдан-ақ, өз ісінің нағыз мамандары екенін көре аламыз.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:

– 9 үйде қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталды. Жұмыс тобымызда 35 адам мен 15 техника бар. Ауа райы жақсы болса, 1 тамызға дейін барлық жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бұл – Елена Штенгаузердің баспанасы. Табиғи апат кезінде зақым келген
үйдің жамбылдық механикалық бригаданың арқасында өңі кірген. Баспана кепкеннен кейін 15 күннің ішінде қалыпқа келтіріліпті.

ЕЛЕНА ШТЕНГАУЗЕР, Былғары зауыты ықшам ауданының тұрғыны:

– Жұмыс барысын өзіміз қадағаладық. Барлығын біз қалағандай жасап берді. Атқарған істеріне көңілім толады. Баспанамның сметалық құны 6 млн 800 мың теңгені құрайды. Ықшам ауданда 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Үйді жұбайым екеуіміз тұрғызған болатынбыз. Сондықтан, көшкіміз келмеді. Бағалаушылар келіп тұруға жарамды дегенде қуанышымда шек болмады. Жұмыстарын сапалы әрі тез істеген жамбылдық жігіттерге алғысым шексіз.

Жұмыс тобының бригадирі Нұрлан Қошановпен тілдесіп көрдік. Құрылыс саласының жілігін шағып, майын ішкен білікті маман 3-ші мамырдан бастап осы елді мекенде еңбек етуде.

НҰРЛАН ҚОШАНОВ, Жамбыл ауданы жұмыс тобының бригадирі:

– Мұнда бізге барлық жағдай жасалған. Жататын жеріміз жайлы. 3 мезгіл тамақ береді. Көріп тұрғандарыңыздай, бүгін қолдан келгенше қоқыстарды шығарып жатырмыз. Әрине, қиынға соғуда. Себебі кеше күні бойы жаңбыр жауған болатын. Тұрғындарға қолдан келгенше көмек көрсетудеміз. Барлығымен тез тіл табысып кеттік. Үйлерді олардың айтқаны бойынша қалыпқа келтірудеміз.

Аты аталған аймақта 200-ден астам үй су астында қалған. Елді мекенде жамбылдық жұмыс тобынан басқа, есілдік іскер жандар да жұмыс істеуде.