Қоғам

СҚО-да Еңбек кодексін бұзған 60-тан астам лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған

Облыста 6 айдың ішінде өндіріс орнында 14 келеңсіз жайт тіркелді. 17 адам зардап шегіп, 2 адам қаза тапты. Сондай жайттың бірі биыл сәуір айында «Чистотел» серіктестігінде тіркелген.

АЗАТ БЕЙСЕМБИН, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы:

– Арнайы құрылған комиссия қайғылы жайттың себебін анықтаумен айналысты. Нәтижесінде келеңсіз оқиғаның еңбек қызметімен байланысты екендігі белгілі болды. Жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі.

Жұмыста болатын келеңсіз жайт көп жағдайда сол жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан және қауіпсіздік шараларының тиісті көлемде жүргізілмеуінен туындап жатады. Жуырда М.Жұмабаев ауданындағы тіркелген факті осы себептен болған. Ер адам жұмыста жарақат алып, салдарынан қол басынан айырылды.

АЗАТ БЕЙСЕМБИН, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы:

– Осыған қатысты жүргізілген тергеу жұмысы аяқталды. Оның да еңбек қызметіне байланысты болғандығы анықталды. Жұмысшы мен жұмыс берушінің қаншалықты кінәлі екендігі белгіленді. Осы орайда тоқтала кететін жайт, жыл басынан бері жергілікті кәсіпорындарда 176 тексеріс жүргізіліп, Еңбек кодексін бұзуға қатысты 121 факті анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша нұсқамалар берілді.

Алты айдың ішінде солтүстікқазақстандық жұмыс берушілерге олқылықты түзету бойынша 67 нұсқама берілген. 60-тан астам лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Жұмыстағы келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру шараларына екпін беру қажет дейді бейінді сала мамандары.

АЗАТ БЕЙСЕМБИН, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы:

– Өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында еңбек инспекторлары тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізуде. Осының аясында өңірдің еңбек ұжымдарымен кездесіп жатырмыз.

Өндірістік жарақат бір бөлек, өндірістік жанжал деген де ұғым бар екен. Облыста биыл жұмыста кикілжің туындамаған. Бұл мәселе – мамандардың жіті бақылауында. Әзірге, әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы жағдай тұрақты.