Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда сорғы станциясы салынады

Петропавлдағы 1-ші көтергіш сорғы станциясы 1974 жылы пайдалануға берілген. Биыл су тасқыны кезінде аталмыш станция зақымданған болатын. Қазір қайта жаңғырту жүріп жатыр. «Kazminerals» компаниясының қаржысына құрылыс жұмыстары жүргізіліп, сорғы қондырғысы ауыстырылатын болады. Жөндеу жұмыстарына 70-ке жуық адам жұмылдырылған. Қажетті құрал-жабдықтар Европадан әкелінеді.

ӘЛІБЕК СЕРІКОВ, «QAZAQ SERVICE COMPANY» ЖШС жетекшісі:

– Жөндеу жұмыстарын қараша айына дейін аяқтау үшін біз өндірушіден алдымен бір сорғыны жіберулерін сұрап жатырмыз. Қалған қажетті құрал-жабдықтарды өндіру мерзіміне сәйкес күтетін боламыз. Жоба екі кезеңге бөлінген. 1-кезең – бұл негізгі дайындық жұмыстары, яғни тазалау, жалпы жөндеу жұмыстары болса, 2-кезең құрылғының келуіне байланысты басталады.

Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен сорғы станциясын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 3,5 шақырым жерасты кабель желісі де тартылады. Станция айналасындағы бөгет те нығайтылмақ.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Қазіргі уақытта жоба дайын. ЖЭО-мен келісілді. Арнайы кабель бір-екі күнде Павлодардан жеткізіледі. Арнайы техниканың барлығы бар.

Биылғы өңірдегі су тасқыны қосымша су желісінің қажеттілігін көрсетті. Осыған байланысты Ойқала ықшам ауданында сорғы станциясы салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

 

“Қызылжар” телеарнасы