Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Тасқыннан зардап шеккен 51 отбасы баспаналы болды

Көпті қуантқан қоныстой. Тасқыннан зардап шеккен отбасылардың тағы бір легі баспаналы болды. Бірлік ықшам ауданында 51 үй қолданысқа берілді. Айта кету керек, үйлер 2 айдың ішінде бой көтерді.

Бөркін аспанға атқандардың арасында Әміровтер отбасы бар. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов үйге кіріп, қоныс иелерін құттықтап, жасалған жағдаймен танысты. Баспана іші кең, керектінің бәрі бар. Жаңа қоныс иесі – кейуана Күлжауар Әмірованың қуанышында шек жоқ.

КҮЛЖАУАР ӘМІРОВА, үй иесі:

– Заречный кентінде 5 жылдай тұрдым. Жинап-тергеніміздің көбі су астында қалды. Баспанам суға кеткенде уайымдап, ауруханаға түсіп қалдым. Қуанышымда шек жоқ.

Су жаңа үйдің кілті табысталғандардың арасында Михайленколар жанұясы да бар. Олар баспанаға аяқ басысымен ырым бойынша мысық кіргізді. Тасқынға дейін бұл отбасы Ойқалада 30 жылдан астам уақыт бойы тұрған. Үйлерінің апатты жағдайға түскеніне қатты қапаланған жандар осындай жаңа баспана береді деп еш ойламаған.

АЛЕКСАНДР МИХАЙЛЕНКО, үй иесі:

– Жаңа қонысты көркіне де, сапасына да көңілім толды. Өз басым жер үйде тұрғанды құптаймын. Маған осы жерден баспана салып береміз дегенде бірден келістім. Алдыңғы үйімізге былтыр ғана кірген едік. Бір қыс қана тұрдық. Өкінішімді мына жаңа үй су сепкендей басты. Осындай жағдай жасап бергені үшін мемлекетке алғысым шексіз.

Бұл жаңа үйлерді “Қазақмыс коорпорациясына” кіретін еншілес компаниялар салған болатын. Білікті мамандар алдағы уақытта тағы 49 үйді қолданысқа бермек.

НҰРАХМЕТ НҰРИЕВ, “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС басқарма төрағасы:

– Біздің халықтың күші – бірлікте. Осының арқасында ғана апатты жеңіп шығып, бірліктің нағыз үлгісін көрсеттік. Баспаналар жылдам салынды. Бірақ, бірден айта кетейін, үйлерге 2 жыл кепілдік берілген. Егер тұрғындардың арыз-шағымдары болса, келіп бірден қалыпқа келтіреміз. Барлығыңызды қоныстоймен шын жүректен құттықтаймын.

Бірлік ықшам ауданыңда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл аймақта тағы 600 үй бой көтермек. Зардап шеккен бірде-бір жан далада қалмайды.