Қоғам

Сапасы сын көтермейтін азық-түлік сөреге қойылмауы тиіс

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қазіргі таңда солтүстікқазақстандықтар дүкен мен базардағы азық-түлікке күмәнмен қарайтыны жасырын емес. Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылындағы жағдай әлі ел есінен шыққан жоқ. Естеріңізге сала кетейік, мұнда маусым айының ортасында бүтін бір отбасы тамақтан уланып, 2 бала ажал құшқан еді. Алдын ала болжам бойынша 3 және 6 жастағы жерлестеріміз ауыл дүкенінде сатылған тұшпарадан уланған. Менің артымдағы нысанда азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жиын өтіп жатыр. Жиын басталмас бұрын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевты сөзге тартып, оқиғаның анық-қанығын сұрадық. Айтуынша, әлі тексеру шаралары жүргізілуде.

Мәселе аса өзекті. Сапасыз азық-түлік адамның өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететіндіктен бақылауды күн тәртібінен түсірмеу керек. Бұл жайлы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды. Жиында алғаш болып мінберге облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары Оразбек Батырбеков шықты. Ол өз бағыттарында атқарылып жатқан жұмысты баян етті.

ОРАЗБЕК БАТЫРБЕКОВ, СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Өңірдегі мал сою орындарына веб-мониторинг жүйесі енгізілген. Мұның артықшылықтары жетерлік. Дүкенге немесе базарға ет алу үшін келген адам QR-код арқылы өтіп, сойылған мал жайлы барлық ақпарды ала алады. Оның жасын, жынысын, қандай вакцина алғанын, қайда және қашан сойылғанын көреді. Бұдан өзге де ақпар бар. Бұл жаңашылдық қауіпсіздік бағытында маңызды рөл атқарады.

Оразбек Батырбеков статистикаға да тоқталды. Аумақтық инспекция сырттан сапасыз тауарды кіргізбеуі тиіс. Бұл тұрғыда нәтиже бар.

ОРАЗБЕК БАТЫРБЕКОВ, СҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Сапасы сын көтермейтін өнім тиеп Ресейден келе жатқан 58 көлік тоқтатылды. Олардың барлығы қайтарылды. Заң бұзған 33 тұлға әкімшілік айыппұлға тартылды. Оларға 1 млн 200 мыңнан астам айыппұл салынды.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қашан да белсенді. Әр түрлі саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар спикерге сан түрлі сауал қойды. Оразбек Батырбековтың айтуынша, аумақтық инспекция сауда желілерін тексере алмайды. Ал Юрий Белоног тексеруге міндетті екендіктерін алға тартты. Осы мәселе бойынша тараптар пікір алмасты.

 

Байболат Құлтанов