Қоғам

Өңірге Мәжіліс депутаты Николай Арсютин келді

Қызылжар өлкесіне іс-сапармен Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин келді. Алдымен халық қалаулысы Бескөл ауылында орналасқан «Молсервис» серіктестігінің сүт зауытына бас сұқты.

Зауыт мамандары келген қонақтарға тауарларын ұсынып, дәм татқызды. Депутат Солтүстік Қазақстан облысында шығарылатын өнімдердің сапасын жоғары бағалап отыр.

НИКОЛАЙ АРСЮТИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жоспар бойынша біз жылына екі рет өңірлерге іс-сапармен шығып тұрамыз. Мақсатымыз – халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, тыныс-тіршілігімен танысу. Айтылған пікірлерге, жағдайларға қарап ой түйеміз, оны билікке жеткіземіз. Негізі, осы жақтың өнімі өзіме қатты ұнады.

Депутат тыныс-тіршіліктің барлығын «Ауыл» партиясы мамандарымен бірге қарады. Бұдан кейін баратын жер – Петерфельд ауылы.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, «Ауыл» партиясы СҚОФ төрағасы:

– «Ауыл» партиясы болғанннан кейін ауылдардың жаңаруына, өніп-өсуіне, халық жағдайының жақсаруына үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Көңілімізден шығып жатыр. Депутат та осыны айтып отыр.

Сүт өнімдерін өндіретін зауыт 30 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Мұндағы тауар өзге де өңірлерге саудаланады.

ҒӘЛІБЕК РАМАЗАНОВ, «Молсервис» ЖШС директоры:

– Тауарларды облыс бойынша ғана тасымалдамаймыз. Сонымен қатар, Қарағанды, Қостанай, Павлодар сияқты жақындау облыстарға жібереміз. Өздеріңіз білетіндей, сүт өнімдері тез бұзылады. Сондықтан, алыстау аймақтарға апару қиын. Біздің жеке фермамыз да бар. Оның да жұмысын толықтай қадағалап отырамыз. Біз шикізаттың да, дайын өнімнің де сапалы болуын міндет санаймыз.

Жалпы, зауытта 120-ға жуық маман жұмыс істейді. Олар тәулігіне 25 тонна сүт және 5 тоннадай сүт өнімдерін шығарады.

 

 

Мәдина Қаби