Қоғам

“Үй де жоқ, ақша да жоқ”: құрылыс компаниясы берген уәдесін орындамаған

Былтырғы маусымда құйылған қаржы аз емес. Су жаңа баспананы армандаған Ольга Стач жолдасымен ақылдаса келе бақандай 18 958 250 теңгені аспандағы айды әперуге даяр мамандарға ұстатады. “ТАMILA INVEST”. Жерлестерімізді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған компания дәл осылай аталады. Қазір құрылыс алаңы қоршаулы тұр. Мұнда үй түгілі, үйдің іргетасы да жоқ.

ОЛЬГА СТАЧ, қала тұрғыны:

– Жаңа пәтер алу үшін өзіміздің ескі пәтерді саттық. Барлық ақша уәдені үйіп-төккен компания өкілдеріне аударылды. Мердігер бастапқыда “Қарасай” стадионының маңында құрылыс жүргіземін деді. Бұл аудан өзімізге ұнайды. Келісім бердік. Алайда, ойлағанын жүзеге асырмады. Уақыт өте мән-жайды сұрадық. Ол жоспардың орындалмайтынын айтып, Ульянов көшесі, 57а мекенжайы бойынша тұрғызатын үйден пәтер таңдауды ұсынды. Артынша 4 жарым млн теңгені қайтарып алдық.

Ульянов көшесінде тұрғызылатын нысанның паспорты қоқыс жәшіктерінің артында қалған. Тиісінше, аумақта құрылысшылар емес, құстар жүр. Тілдесу барысында Ольга Стач мердігерге хабарласып көрді. Алайда, телефонның ар жағынан ешкім тіл қатпады.

Шарасыз күйдегі Ольгада құрылыс компаниясы менеджерінің нөмірі бар екен. Ол телефонды алды. Соңғы жаңалықтармен бөлісті. Өкінішке қарай, көңіл көншітпейді.

Ақшаны қайтару жайлы хабарландыру жаздық. Алайда, бастық оның бәріне қол қойған жоқ. Қазір құжаттар Көкшетау қаласында жатыр. Бүгін хабарласып, мән-жайды анықтаймын. Негізі, хабарландыруға қол қойылады, сосын 60 күннің ішінде ақша қайтарылуы тиіс.

Бүгінде Ольга Стач адвокаттың ақыл-кеңесімен әрекет етуде. Егер жақын арада жағдай өзгермейтін болса, арыз жазылуы мүмкін.

ҚУАНДЫҚ МҰХАМЕДИЯРОВ, адвокат:

– Кем дегенде 3-4 адам жиналып, полицияға арыз жазу керек. Сонда іс қозғалады, мердігер жауапқа тартылады. Бұл жерде алаяқтық әрекет көріп тұрмын.

Өкінішке қарай, қазір атанбай қалған, арыз жазуға ниетті көршілерді табу мүмкін болмай отыр. Нәзікжанды алдағы уақытта іздемек ниетте.

ОЛЬГА СТАЧ, қала тұрғыны:

– Қазір пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Айына 140 мың теңге төлейміз. Қып-қызыл шығын дегім келеді. Бұлай болады деп кім ойлаған? Мердігермен тілдесу мүмкін емес. Мәселені шеше алмай жүргенімізге 1 жылдан да асып кетті. Өкінішке қарай, бұл үйге тағы кімдердің таңдау жасағанын білмеймін. Басымызды қосып, бірлесе әрекет етсек дейміз.

Өз ақшасын алақан жая сұрап жүрген солтүстікқазақстандық үміт отын сөндірмек емес. Ол мәселенің шешілеріне сенеді.

 

Байболат Құлтанов