Қоғам

Тимирязев ауданында үш бірдей ауылда медициналық пункт салынып жатыр

Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылында медициналық пункт салынып жатыр. Жұмыс қызу. Құрылысшылар нысанның қабырғаларын көтеріп қойған. Атқарылған жұмыс жоспардың 40 пайызын құрайды. Іске жауапты мердігер – “Сигрост” компаниясы. Құрылыс кесте бойынша жүріп жатыр.

ЕСІМХАН АҒАБЕКОВ, учаске басшысы:

– Құрылыс басында 10 жұмысшы, 2 дана техника бар. Сыртын әрлеу жұмыстары басталғанда тағы адамдар қосылады. Жалпы, 20 шақты адам жұмыс істейтін болады.

Құрылыс жұмысына 153 млн теңге ақша бағытталып отыр. Соның 23 млн-ына ішіне құрал-жабдық пен жиһаз сатып алынады.

ӘУЕЗ ҚАПЕНОВ, Тимирязев ауданы ауруханасы директорының орынбасары:

– Медициналық пункттің ауданы 139 шаршы метрді құрайды. Аталған ауылда 300-ге тарта адам тұрады. Нысан құрылысына жергілікті жұмыссыз жүрген тұрғындар да тартылды. Олар уақытша болса да жұмыспен қамтылып, нәпақаларын тауып жатыр.

Мұндай заманауи нысан ауылға керек-ақ. Осындағы фельдшер Зурә Мәкеноваға айына 150-ге жуық адам жүгінеді екен. Ақхалатты маман бұған дейін тозығы жеткен аядай ғана жерде жұмыс істеген. Жаңа нысанның ашылуымен жұмысқа деген құлшыныс артады дейді.

ЗУРӘ МӘКЕНОВА, Ақжан ауылының фельдшері, Тимирязев ауданы:

– Мұндай үлкен медициналық пункт салынып жатқанына өте қуаныштымыз. Тұрғындардың барлығы риза. Біздің аудан бойынша 3 ауылда ғана медициналық пункт салынып жатыр. Соның біріне ілігіп отырғанымыз қуантады.

Емдеу мекемесі күзге дейін тапсырылуы тиіс. Онда үш адам жұмыс істейді. Ауылда қан-тамыр жүйесі, қант диабеті дертіне шалдыққан азаматтар бар. 5 жылдық еңбек өтілі бар Зурә Мәкенова сырқат тұрғындар тиісті ем-домын уақытында алып тұрады дейді.

ЗУРӘ МӘКЕНОВА, Ақжан ауылының фельдшері, Тимирязев ауданы:

– Науқастарымыз уақытында тексеріліп отырады. Үлкені де, кіші де скринингтен өтті. Тұрғындарға көмек қажет болатын болса, үйлеріне барып тұрамыз.

Еске сала кетейік, Тимирязев ауданында Ақжан ауылынан басқа тағы екі ауылда медициналық пункт салынып жатыр. Облыс бойынша тоқталып өтсек, денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, барлығы 30-дан астам медициналық ұйымның құрылысы жүріп жатыр.

 

Мәдина Қаби