Қоғам

Тайыншалық жұмыс тобы Большая Малышка ауылында 6 үйді қалыпқа келтірді

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Бұл – Большая Малышка елді мекені. Тасқын кезінде біраз залал тиген ауыл реңі қазір оңалып қалған. Аймақта Тайынша ауданынан келген жұмыс тобы аянбай еңбек етуде. Біреулері үйлерді сүріп жатса, енді бірі баспаналарды қалыпқа келтіруде.

Бүгін Большая Малышкадағы мехбригаданың жұмысын аудан әкімі Берік Әлжанов байқады. Тайыншалық жұмыс тобының қатарында 45 адам мен 10 техника бар. Білікті мамандар апта соңына дейін 6 үйді тапсыруды жоспарлап отыр.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Бізге 100 үй тапсырылған. Соның 65-і тұруға жарамсыз. Қазіргі таңда 10 үйде қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Берік Әлжанов бірнеше баспананы қарап шықты. Аудан әкімі тұрғындармен сөйлесіп, мамандарға жұмыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Михаил Кропачевтің баспанасын апат кезінде қызыл су айналып өтпепті. Тасқын кезінде су үйдің терезесіне дейін жеткен.

МИХАИЛ КРОПАЧЕВ, ауыл тұрғыны:

– Бағалаушылар баспанамды 2,5 млн теңгеге бағалады. Жөндеу басталғалы басы-қасында жүрмін. Жігіттердің жұмысы мақтауға тұрарлық. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Барлығын үй кепкеннен кейін 15 күннің ішінде жасап берді.

Айтып келмейтін апат кезінде үйі суға кеткендердің бірі – Күлжан Мұхаметжанова. Баспанасының осы жағдайға түскеніне қатты қапаланған нәзікжанды: “Үйім қайта қалыпқа келеді деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес”,- дейді.

КҮЛЖАН МҰХАМЕТЖАНОВА, ауыл тұрғыны:

– Үйіме су келеді деп ойламадым. Механикалық бригаданың жұмыс істеп жатқанына 3 күн болды. Өте ризамын. Айтқанымның бәрін істеп беруде. Баспанама 15 күннің ішінде кіремін деп жоспарлап отырмын.

Жалпы, Большая Малышка елді мекеніңде 321 үй зардап шеккен.

САҚТАСЫН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Техникалық сараптама бойынша 65 үй жарамсыз деп танылды. Оларға бағалау комиссиясының есебі бойынша баспана беретін боламыз. Көбінесе зейнеткер және жалғызбасты аналарға көмек көрсетудеміз.

Тайынша ауданынан келген бригада барлық жұмысты 1 айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Олар апта сайын сенбілік ұйымдастырып тұрады екен. Осы күнге дейін 4 мың тонна қоқыс шығарған.