Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-дан Қытайға жіберілетін тауар көлемі артады

Өңірде жұмыс сапарымен Қытай ет қауымдастығының мүшелері болды. Ет импорттаушылар мен экспорттаушылар клубының президенті Ма Гуаншэн бастаған меймандармен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданында кездесті. Мұнда тараптар өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылап, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Агропромышленный комплекс области имеет большой экспортный потенциал. Занимая всего 3,6% площади республики, мы производим более 12% всей с/х продукции нашей страны.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Қытай арасындағы байланыс күннен-күнге нығайып келеді. Сандарға тоқталайық. Тараптар арасында небәрі 3 жылдың ішінде сыртқы сауда айналымы 2,2 есе өсіп, 117 миллион АҚШ долларын құраған. Меймандар теріскейден шошқа, сиыр және қой етін көптеп алмақ ниетте.

Қонақтар «EMC Agro» серіктестігінің ет комбинатын аралады. Өндіріс орнында малды союдан бастап, әзір болған өнімді қаптауға дейінгі жұмыс көрсетілді. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 20 мың тоннаға дейін ет және тәулігіне 30 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында қытайлық тарап шошқа кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасымен де танысты. Болашақта қос тарап әріптестік қарым-қатынасты одан әрі нығайтпақ.

МА ГУАНШЭН, Қытай ет қауымдастығы ет импорттаушылар мен экспорттаушылар клубының президенті:

– Менің ойымша, Қазақстан – өте әдемі ел. Мұнда көптеген мүмкіндік бар. Биылғы наурыз айында біздің делегация осында болды. Шілде айының соңында тағы бір топ келеді. Біз Қазақстанға мал шаруашылығын одан әрі дамыту бағытында көмектесе аламыз. Мұнда өз тәжірибемізді пайдалансақ дейміз. Облыс әкімімен байланысымызды үзбей, алдағы уақыттағы ынтымақтастықты талқылайтын боламыз. Бізді сиыр мен қой еті аса қызықтырады.

Жергілікті кәсіпорын басшылығының айтуынша, ет комбинаты Қытайға жылына 20 мың тонна шошқа етін экспорттауды жоспарлап отыр. Тараптар кездесу барысында осындай келісімге келді.

 

Байболат Құлтанов