Қоғам

Сенат депутаты жергілікті жомарт жандармен кездесті

Халық қамын ойлап жүрген жандар пікір алмасты. Өңірімізде “Жомарт жан” орталығының филиалы бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Жалпы ұйым осыдан 8 жыл бұрын Астанада құрылған. Облысымызда наурыз айында ғана ашылды. Орталық ерікті жастардан тұрады. Тасқын кезінде біршама жұмыс атқарған. Тіпті, зардап шеккен адамдардың балаларына арнап қойылымдар да қойыпты.

АЛЛА ПИСАРЕНКО, “Жомарт жан” орталығы СҚОФ жетекшісі:

– Клубымызда 27 адам бар. Бізге келген әр жанға көмек көрсетеміз. Тасқын кезінде бірлігіміздің арқасында біраз іс тындырдық. Әрине мейірімді адамдарда ақшалай көмектесті. Соның арқасында үйлерге барып азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтар апардық.

Бүгін Достық үйінде осы сала мамандарының қатысуымен жиын өтті. Іс-шараға Сенат депутаты Евгений Больгерттің өзі келді. Ол аты аталған ұйымның басшысы болып саналады. Мейман талай жылғы тәжірибесімен бөлісті. Өңірлік филиалдың жұмысын көріп, жоғары бағалады. Басқосудың басты мақсаты – жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және де игі істерді жиі жүзеге асыру.

АЛЛА ПИСАРЕНКО, “Жомарт жан” орталығының СҚОФ жетекшісі:

– Басшымызға көрсетеріміз көп. Ол бізге көп нәрсе айтты. Кейбір қателіктерімізді түзеп, тапсырма берді. Енді сол бойынша жұмыс істейміз. Осындай шаралар көптеп өткізілсе деймін. Білікті мамандардан кеңес естіген жақсы ғой. Тағы айта кетерім, біздің орталық қызметкерлері тегін қызмет көрсетеді. Ұйымға мүшелік етем деушілер де аз емес. Осыған қарап петропавлдық жомарт жастардың көп екендігін ұғамыз.

Алдағы уақытта Евгений Больгерт еліміздің өзге де өңірлеріне барып, білген-түйгенімен бөліспек.