МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлердің өтініші жерде қалмайды

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес журналистерге әрдайым ашық. Бүгін тараптар ерекше форматта бас қосты. Ыстық шай ұсынылған дөңгелек үстел басында атқарылған жұмыс жіпке тізілді. Қоғамда базына арқалаған іскер жандар азаймай тұр. Солардың кейбірі биыл кеңеске жүгініпті. Қуанышымызға орай, толғандырған мәселелердің біразы шешімін тапқан.

ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:

– Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуларға қатысып, қар шығару бойынша конкурсты жеңіп алады. Ол бағаны әжептәуір түсірген. Осы арқылы біреудің жоспарын жүзеге асырмаған сыңайлы. Сөйтіп, жұмысты бастайды. Бір күні оған әкімдікке тиесілі көлікпен бәз біреулер келіп, тиісті алаңға қар төкпеу жайлы ескерту жасайды. Біз қалалық әкімдікке қарасты жауапты бөлім мамандарын шақырттық. Алайда, мардымды жауап болмады. Бұдан кейін іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері араласты. Көп ұзамай кәсіпкердің мәселесі шешілді.

Инессе Қуанованың айтуынша, кейбір кезде кәсіпкерлер батылдық таныта қоймайды. Соның салдарынан толғандырған мәселе кеңес мүшелерінің, билік өкілдерінің құлағына жетпейді. Тиісінше, проблема шешілмейді. Мұның соңында іскер жан зардап шегеді. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы топ тасқын кезінде білек сыбана жұмыс істеді. Бұл кезеңде түрлі жайт қаралыпты.

ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:

– Тасқын кезінде Ойқала ауданында тұратын кәсіпкердің алкоголь тиелген 2 бірдей контейнері ағып кеткен. Оның бірі іргелес аумақтан табылады. Ал екіншісі Ресей жаққа бағыт алған. Шарасыз күйдегі іскер жан бізге жүгінді. Біз арнайы органға барып, орын алған жайтты тіркеу жайлы айттық.

Бір қызығы, қомақты қаржыға сатып алынып, контейнерге қойылған алкоголь табылған-табылмағаны әлі белгісіз. Жалпы, ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында кәсіпкерлер палатасы жанындағы кеңес 8 отырыс өткізген. Онда 20-дан аса кәсіпкердің мәселесі қаралыпты.

 

Байболат Құлтанов