Қоғам

Тиімді жоба арқылы табысқа кенеліп отыр

Қаржылық сауатын арттырып, табысқа кенеліп отыр. Мамлютка қаласының тұрғыны Әлфия Бекчентаева – «Қарызсыз қоғам» жобасына жүгінгендердің бірі. Ол осы деңгейге жету үшін күн-түн демей оқып, аянбай еңбек еткен. Әрине, басында қиыншылықтар болған. Бірақ, оған мойымаған жерлесіміз қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отыр. Нәзікжанды ет өнімдерін сатумен айналысады.

ӘЛФИЯ БЕКЧЕНТАЕВА, жеке кәсіпкер:

– Мен бұған дейін супермаркетте 5 жыл жұмыс істеген болатынмын. Кейін ет нарығын зерттеп, өз дүкенімді аштым. Жоба аясында қаржы сарапшысының екі бірдей консультациясынан өттім. Содан соң айына 2 рет бизнестен түскен пайданың 20%-ын депозитке саламын деп шештім. Нәтижесінде бизнесім өрге баса бастады.

Нәзікжанды аталған бизнеспен 2021 жылдан бері айналысады. Бұған дейінгі орташа табысы небәрі 300 мың теңгені құраған. Әрине, бұл біреу үшін үлкен сома болып көрінуі мүмкін. Бірақ, жеке кәсіпкер үшін аздық етеді. Тіпті, ай сайынғы шығындарын жаба алмаған. Кәсіптің кірісі мен шығысын дұрыс есептеуде “Қарызсыз қоғам” жобасының бергені мол дейді кәсіпкер.

ӘЛФИЯ БЕКЧЕНТАЕВА, жеке кәсіпкер:

– Мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы көп біле бастадым. Кейін 5 млн теңгелік грантқа конкурсқа қатысуға шешім қабылдадым. Сарапшымен бірге бизнес-жоспар құрдық. Тиісті оқудан мамыр айында өттім.

Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 2 мыңға жуық солтүстікқазақстандық қаржылық сауатын арттырған. Жыл соңына дейін тағы 2,5 мың адам оқу курсына қатысады. Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы өткен жылы іске қосылды. Мақсат – кез келген тұрғынның қаржылық сауатын арттырып, қарыздан құтылуға көмектесу.

 

Данаш Хамза