Ауыл шаруашылығы

Өңір алқаптарында зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Республикалық жедел штабтың кезекті отырысында шегірткеге қарсы күрес бойынша қазіргі жағдай қаралды. Бүгінгі таңда химиялық өңдеу 2 млн га алқапта жүргізілді, бұл болжаған өңдеу көлемінің 77,4%-ын құрайды деп жазылды Премьер-Министрдің ресми ақпараттық ресурсында. Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында италиялық прусқа қарсы өңдеу аяқталған, енді Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде қолға алынуда. Жиында диқандарды минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету барысы да қаралды. Естеріңізге сала кетейік, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тыңайтқыш енгізу көлемін 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша шаралар қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге көп. Наурыз айынан бастап отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі іске асырылуда, бұл ретте бюджеттік субсидиялар шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштарды сату үшін өндірушілердің арнайы шоттарына алдын ала аударылады. Облыс әкімдіктерінің дерегі бойынша, 963 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды, оның 855 мың тоннасы жөнелтілген.

 

Данаш Хамза