ТЖ

Құтқарушылардың оқу-жаттығуы

Бұл – Жамбыл көшесіндегі 16 қабатты үй. Өрт 12-ші қабаттан шықты. Үйдегі сымдардың қысқа тұйықталуы болған. Қызыл жалын 40 шаршы метр жерде орын алды. Оқиға орнына дабыл қағып құтқарушылар жетті. Тұрғындар дереу сыртқа шығарылды. Лифтімен жүруге болмайды, сол себепті тездетіп баспалдақпен жүгіріп шықты. Үлгермегендеріне терезеден секірулеріне тура келді. Оларды мамандар арнайы құрылғының көмегімен қағып алды. Түтіннен уланғандарына медициналық көмек көрсетілді. Бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері осындай сценариймен жедел-алдын алу шарасын өткізді.

РИНАТ АЙТПИШЕВ, СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары:

– Неге біз 10 қабаттан жоғары үйді таңдадық? Өйткені, биік үйде шыққан өртті сөндірудің өзіндік тәртіп-тәсілі бар. Бізде гарнизонда ұзындығы 30 метр болатын баспалдақтар бар. Біздің мақсатымыз – адамдарды уақытында эвакуациялау. Жоғары қабаттағы өртті сөндіру үшін “Ермак” деп аталатын арнайы жүйені пайдаландық.

РИНАТ АЙТПИШЕВ, СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары:

– “Өмір кубы” – жоғары қабаттағы адамдарды құтқаруға арналған құрал. Оның ұзындығы 20 метрді құрайды. Салмағы 150 келілік адамды көтеруге жетеді.

Оқу-жаттығу жиынына 10 техника мен 50-ден астам маман жұмылдырылды. Бұндай шараны құтқарушылар ай сайын ұйымдастырып тұрады.

 

Мәдина Қаби