Қоғам

“Кең дала 2” бағдарламасы аясында теріскейлік 7 кәсіпкер несие алған

Диқандарға арналған тиімді бағдарлама. Өңірімізде “Кең дала 2” бағдарламасының танымалдылығы артып келеді. Аты аталған жоба арқылы теріскейлік 7 аграршы несие алып, кәсіптерін домалатып отыр. Бұған дейін сан мәрте айтылғандай, тиімді бағдарлама арқылы көктемгі және күзгі жұмыстарға 5 пайыздық үстемақымен ғана қаржы беріледі. Тиісінше, диқандар оны 12 айдың ішінде қайтаруы тиіс.

ГҮЛБАРШЫН ДӘУЛЕТБАЕВА, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ СҚОФ директоры:

– Филиал 1 жарым млрд теңгеден астам сомаға 7 кепілдік берді. Қаржы ұйымдарында жиынтық көлемі 6,3 млрд теңге болатын 22 жоба қарастырылып жатыр. Оған да біздің тарапымыздан кепілдік қажет. Жалпы, “Даму” қоры кепілдік ұсынатын кредиттің максималды көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды.

Биыл мемлекет фермерлерге ұсынылатын қаражат көлемін біршама арттырған. Бұл игі істің барлығы елімізде ауыл шаруашылығының дамуы үшін жасалып отыр. Қаржылай қолдау ұйымының өкілі бағдарламаға кеңінен тоқталды. Теріскейлік диқандарды тиімді мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.

ГҮЛБАРШЫН ДӘУЛЕТБАЕВА, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ СҚОФ директоры:

– Бұрын фермер 100 пайыздық кепіл ұсынды. Қазір қарыздың 15 пайызына ғана кепіл қажет. 2-ші деңгейлі банктер қарыз ұсынады, ал 85 пайызын “DAMU” қоры кепілдендіреді. Бұл – фермерлер үшін зор мүмкіндік.

“Кең дала 2” арқылы несие алған диқандардың бірі – жамбылдық “Династия Агро” серіктестігінің директоры Владимир Кан. Фермер 50 млн теңге несие алған екен.

ВЛАДИМИР КАН, “Династия Агро” ЖШС директоры:

– Бағдарлама өте тиімді деп айта аламын. Ақшаны аз пайызбен қайтарамыз. Алған қаржыға өзіме жеткілікті жағар-жанармай мен түрлі тұқым алдым. Мемлекеттің бізге көмек көрсеткеніне қуаныштымын. Былтырғы жылы ауа райының қолайсыздығынан аз өнім алған болатынбыз. Биыл рекордтық көлемде өнім алуды жоспарлап отырмыз. Несиені берілген уақытқа дейін жаппақ ниеттемін.

Кәсіпкер алған несиесін 12 айдың ішінде қайтара алмаса, төлеу мерзімін 4 айға созуға мүмкіндігі бар.