Қоғам

Ауыр дертке шалдыққан баланың еміне шұғыл түрде ақша керек

Дана Бақтыбаеваның жүзі күлім қаққанымен, жүрегі жылап тұр. Нәзікжандының ұлы ауыр дертке шалдыққан. Күресіп келе жатқандарына 10 жылдың жүзі болды. Берілуге жол жоқ. Ана мен бала арасындағы махаббат әрмен қарай қарсы тұруға даяр.

ДАНА БАҚТЫБАЕВА, қала тұрғыны:

– Туу кезіндегі салдарға байланысты балам науқас атанды. ДЦП диагнозы қойылды, ауыр түрі. Балам отырмайды, жүрмейді.

Дана баласы үшін мұхит асуға даяр. Жақында жерлестерімізге Украинаның Винница қаласынан шақырту түсті. Молдова еліне жақын орналасқан шаһарда талай жанның үміт отын қайта жаққан білікті дәрігер бар. Сол кішкентай теріскейлікке ота жасамақшы.

ДАНА БАҚТЫБАЕВА, қала тұрғыны:

– Осындай операцияны тек сол кісі жасайды. Нәтижелері өте жақсы. Арнайы чат бар. Сонда ата-аналар балаларының суретін салады. Сонда нәтижені көреміз.

Отаның құны 4 мың доллар тұрады. Бүгінде 700 мың теңге ғана жиналған. Аса қажет операция шекара сыртында шілденің 31-і күні жасалуы тиіс. Уақыт аз қалды. Теңге тиыннан құралатынын ескерсек, әр адамның көмегі маңызды.

 

Байболат Құлтанов