Қоғам

Әр бесінші солтүстікқазақстандық интернет-алаяқтан қорғану мақсатында eGov қызметін қосты

Адамның жеке басына қатысты дерек алаяқтың қолына түссе де, телефонды қашықтықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаны орнатуға көндірсе де несие рәсімдеткізе алмайды. Бұл eGov.mobile қосымшасындағы «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін қосқан жағдайда ғана жүзеге асатын сақтық шарасы. Өңір полицейлері шілденің 1-нінен бастап «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық акциясын өткізіп жатыр. Мақсаты – азаматтарға алаяқтық туралы айтып, eGov-тағы арнайы қорғаныс қызметін қосуға шақыру.
Бұл тетікті іске қосқан тұрғындар несие ресімдеуді 6 айға бұғаттайды екен.

ИВАН ТЕРЗИДИ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Полиция қызметкерлері мүдделі ұйымдармен бірлесіп ұзақ уақыт бойы адамдарды eGov.mobile жүйесіндегі осы қызметті қосуға үгіттеп келеді. Бүгінде 526 мыңнан астам тұрғыны бар облыстың 122 291 тұрғыны, яғни өңірдің әр бесінші тұрғыны несиеден өз еркімен бас тартуды ресімдеді. Жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде полицияның барлық қызметтерін тарта отырып, бұл бастаманы облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да барынша кеңінен насихаттау жоспарлануда.

Еске сала кетейік, облыста алты айда интернет-алаяқтықтың 362 фактісі анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп.

 

Данаш Хамза