Қоғам

Жарты ай ішінде Петропавл-Шымкент бағытында 800-ден астам адам қатынады

Осыдан жарты ай бұрын Шымкентке ұшатын ұшақ қайта қатынай бастады. Еске сала кетейік, карантин уақытында әуе кемесі
жұмысын тоқтатқан еді. Қазір күніне 150-ден астам адамды тасымалдайды. Бұл – тек Петропавлдан ұшатын адамдар саны. Ар жақтан да осынша жолаушы келеді. Біраздан соң мына қауым шырайлы шаһарға аттанбақ. Мамандар олардың құжаттарын тексеруде.

ЖАНАТ МЕЙІРМАНОВА, жолаушы:

– Жолдасым және екі баламмен ұшқалы тұрмын. Бұрын осы әуежайдан Алматыға ұшатын едік, қазір енді осылай ауыстырыпты. Ар жағынан Өзбекстан мемлекетіне жол тартамыз. Жалпы, балалармен жүруге ыңғайлы. Негізінде, Петропавлдан 3 рет ұшып көрген едім.

Ал студент Айжан Мұқанбетқали өз үйіне жол тартқалы тұр.

АЙЖАН МҰҚАНБЕТҚАЛИ, жолаушы:

– Өз үйіме бара жатырмын. Бұрын біз поездбен баратын едік, қазір енді жаңадан ашылды. Бұл – менің бірінші рейсім. Баратын жеріңе тез жетесің, сонысы ыңғайлы.

Әуе кемесінің ішіне 150-ге жуық адам сыяды. Күннен-күнге жолаушы саны артып келеді. Билет құны – 25 мың теңге. 2 жарым сағат діттеген жерге жететін жолаушылар үшін – тапсырмас мүмкіндік.

СЕРІК ДАВЛЕТОВ, Қызылжар халықаралық әуежайы директорының орынбасары:

– Рейс аптасына екі рет болады: дүйсенбі мен бейсенбі күндері. Қызылжардан күндізгі төрттен он кеткенде, Шымкенттен тура бірде шығады. Осы уақытқа дейін есептейтін болсақ, ұшақпен жалпы 800-ден астам адам қатынады. Көлік министрлігінің жауапты комитеті осы рейстің қызмет етуіне 250 млн теңге қаржы бөлді.

Бірер уақыттан соң Шымкенттен шыққан ұшақ та келіп қонды. Бүгін уақытынан кешігіп жетті. Жолаушыларды әңгімеге тартып едік, ыңғайлы екендігін айтып, ризашылықтарын жеткізді.

– Өте ыңғайлы, тура жетуге жақсы болды. Бұрын Астанадан ұшатын едік.
– Ыңғайлы, жақсы болды. Көңілімнен шықты десем болады.

Сондай-ақ, Қызылжар халықаралық әуежайы арқылы күн сайын Астанаға және аптасына бес күн Алматыға рейстер бар.

 

Мәдина Қаби