МТРА жаңалықтары

СҚО-да салалық құрылыс кеңесі құрылды

Құрылыс – аса маңызды мәселелер туындап, әртүрлі деңгейде қаралатын сала. Яғни, проблема мұнда да бар. Оны шешу үшін елімізде түрлі жаңашылдық қолға алынып жатыр. Алайда, табалдырық тоздырған тұрғындардың, басы тауға да, тасқа да соғылған құрылысшылардың сана азаймай тұр. Мемлекет тың әдісті қолданысқа енгізді. Енді аймақтарда салалық құрылыс кеңесі жұмыс істейді. Ол жергілікті кәсіпкерлер палатасының жанында болмақ.

ЖЕҢІС ҚАЗИЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Орталық аппараттың бастамасымен өңірімізде салалық құрылыс кеңесі құрылды. Осылайша, Қазақстанда 7-ші кеңес жұмысын бастады. Салада мәселе жетерлік. Баға қалыстыру – қазір ел аузында жүрген проблема. Кадр тапшылығы да назар аударуды қажет ететін мәселе. Осыларға баса мән береміз. Қажеттілік туындаған жағдайда жауапты тұлғаларды алаңымызға шақырып, жан-жақты әңгіме өрбітеміз. Кеңестің пайдасы тиері сөзсіз.

Жалғыздың үні шықпас деп бекер айтылмаған. Кеңеске мемлекеттік органдар тарапынан көмек керек. Сонда ғана мүшелер қолдауды сезінеді, әрмен қарай ынта-жігермен жұмыс істейді. Бұл тұрғыда проблема туындамайды. Бүгінде лауазымды тұлғалармен кездесу жайлы жоспар құрылған.

ЖЕҢІС ҚАЗИЕВ, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Өзіміздің келісім құжатымыз бар. Сол бойынша тоқсан сайын облыс әкімі орынбасарларымен кездесіп тұрамыз. Ал аймақ басшысымен жылына бір рет жүздесу көзделген. Бұл саладағы өзекті деген мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Кеңеске саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар мүшелік ететін болады.

Кеңестің алғашқы отырысы өтіп те үлгерді. Бірінші басқосуда құрылыс материалдарын өндірушілердің өтініштері қаралған. Сонымен қатар, E-Qurylys порталымен байланысты проблемалық мәселелер ортаға салыныпты. Қоса кетейік, жаңа құрылған бірлестіктің төрағасы болып “Ash Stroy” ЖШС директоры, «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Әміржан Шәкей сайланды.

 

Байболат Құлтанов