Қоғам

Шілде айы құбылмалы болмақ

Көзді ашып-жұмғанша шыжыған шілде де келіп жетті. Жаздың ортаңғы айында ауа райы қандай болады? Бұл сұрақты жергілікті «Қазгидромет» өкілдеріне қойдық. Сала өкілдерінің сөзінше, осы айда ыстық күндер аса көп бола қоймайды екен. Алғашқы онкүндіктің басында ауа райы құбылмалылық танытады. Ал екінші жартысында сынап бағанасы бірнеше градусқа көтерілмек.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Екінші онкүндіктерде ауа температурасы түнде 8-13 градус жылыдан 15-20 градус жылыға дейін, күндіз 19-24 градус жылыдан 27-32 жылыға дейін жиі құбылумен тұрақсыз ауа райы болмақ.

Шілде айының ортасы теріскейліктерді біраз қуантпақ. Тіпті, табиғат аясында демалыс та ұйымдастыруға болады. Ауа температурасы 25-30 градусқа дейін жоғарылайды. Бірақ, ұзаққа емес. Себебі, ай бойы жаңбырлы күндер көп болмақ.

ГҮЛЗАТ ҒАЗИЗОВА, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Ай бойына өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ, күші 15-20 м/с дейін жел күтіледі. Шілде айында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп болжанады. Норма – 56-81 мм.

Шілде айы да әр түрлі болады екен. Оған тарих куә. 40-шы жылдары өңірде осы айда плюс 40,5 градус тіркелсе, 65-ші жылы небәрі 3,8 градус қана болыпты.

 

Мәдина Қаби