Қоғам

Ойқалада Уәлиханов ауданынан 5 мехбригада жұмыс істеп жатыр

Светлана Вишнивецкая Ойқала ықшам ауданында тұрады. Тасқын кезінде екі қабатты үйі бір ай бойы ортаң белінен суда тұрған.
Ағаштан салынған үйдің сырты бүтін, іші әден бұзылыпты, бірақ жөндеуге келеді. Әуелі ұзағынан кептіріп алу керек. Кемінде 1 ай. Сол себепті, үй иелері асықпай, 20 жыл тұрған баспаналарын өзіміз баппен жөндеп аламыз дейді.

СВЕТЛАНА ВИШНИВЕЦКАЯ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Бағалаушылар келіп, үйді жөндеу жұмысын 20 млн теңгеге бағалап кетті. Бұл сома түгелімен жетеді деген ойдамыз. Жөндеу жұмысын өзіміз жүргіземіз. Қазір үйді кептіріп жатырмыз. Шамамен 1,5 жарым айдан кейін қырлап-сырлауға кірісеміз. Механикалық бригада құрамындағы азаматтар үй маңына тасқынмен келген қоқысты шығарып, айналаны тап-тұйнақтай етіп тазалап берді. Алғысымыз шексіз.

Бұл маңда Уәлиханов ауданының мехбригадасы тер төгіп жатыр.
Олар таңнан кешке дейін тасқыннан зақым келген үйлерді қалыпқа келтіреді. Еңбеккерлерге ықшам ауданның төменгі жағы беріліпті. Мұнда су көп тұрғандықтан қалыпқа келтіру жұмысы да сәл кейінірек басталыпты.

ТАЛҒАТ САҒИТОВ, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

– Техника бойынша 1 экскаватор, 8 жүк көлігі жұмылдырылған. Бүгінгі таңда 146 үй, 115 үй иесі бар. Көп үй тұруға жарамсыз болып шықты. Біз 31 үйді сырып тастадық. Енді тамыз айында жұмысты аяқтаймыз деп отырмыз. Бізге берілген үйлердің 29 үй иесі өз еріктерімен біздің күштен бас тартып, өздері жөндеуде. Төртеуін біз қалпына келтірудеміз.

Жалпы, Ойқалаға Уәлиханов ауданынан 5 бригада келіп отыр. Құрамында 30 адам бар.

 

Мәдина Қаби