Қоғам

Қызылжар ауданында тасқыннан зардап шеккен тағы бір жан баспаналы болды

Көптен күткен қоныстой. Тасқыннан зардап шеккен тағы бір жан баспаналы болды. Прибрежное ауылының тұрғыны Юлия Капустинаны апат кезінде қызыл су айналып өтпепті. Су үйдің шатырына дейін жеткен. Соның кесірінен нәзікжанды дүние-мүлкін шығарып үлгермеген. Яғни, дымсыз қалған. Бірақ, бұл мәселе өз шешімін тапты. Бүгін оған Бескөлден баспана берілді.

ЮЛИЯ КАПУСТИНА, үй иесі:

Есіл жағасынан үй алуға қорықтым. Сондықтан, осы жерді таңдадым. Айналасында керектінің бәрі бар. Баспана құны 18 млн теңгені құрайды. Өзіме қатты ұнады. Қуанышымда шек жоқ. 9-ына дейін үйге кіруді жоспарлап отырмыз. Себебі, жолдасымның туған күні. Қоныстоймен бірге тойлаймыз. Алдағы уақытта баспананы өзім қалағандай өзгертетін боламын.

Үй жаңа болмағанымен жағдайы жақсы, іші кең, керектінің бәрі бар. Баспана сырты жасыл желекке толы. Ауданда бағалау комиссиясы жұмыс істейді. Қоныс иесі бірден комиссия мүшелерінің көмегіне жүгінген. Білікті мамандар нәзікжандының үйін бағамдап, тиісті қорытынды шығарған.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Бүгінге дейін бізге тасқыннан зардап шеккен 200 адам жүгінді . 108 жанның өтінішін қабылдадық. Оның 75-і баспаналы болды. Әрбір жан өзіне ұнаған үйді таңдай алады. Бізге келген әр адам қолдаусыз қалмайды. Алдағы уақытта қалған 30-дан астам тұрғынға үй береміз. Аталған игі істердің барлығы “Қызылжар-Асар” қорының көмегінің арқасында жүзеге асып отыр.

Биыл Қызылжар ауданында 1546 үйді су басты. Оның 1100-і тұруға жарамды.