Денсаулық сақтау

Телемедицина: пилоттық жобаның жартыжылдық қорытындысы

Франциялық «C3MEDICAL» компаниясымен әріптестіктің нәтижесі. Облыста биыл алғаш рет телемедицина жобасы жүзеге асырылды. Жыл басында қолға алынған жоба аясында 1700-ден астам науқас кеңес алған.

ЖЕРОМ СУСАСТЬЕ, «C3MEDICAL» компаниясының бас директоры:

– Біз телемедицина пилоттық жобасын бірлесіп Солтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асырып жатырмыз. Осы арқылы шалғайдағы науқастар қалаға келмей-ақ ем ала алады. Жарты жыл бұрын мен осы жерге келіп облыстық аурухананың және денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен кездесіп жобаның іске асырылуын талқылаған едік. Сол жарты жылда Қазақстан мен Францияның медицина қызметкерлерін оқытудан бастадық. Қазір керек құрылғылар орнатылып осы уақытқа дейін 1700-ден астам адам осы жоба арқылы ем алды. Бұл нәтижиенің барын және жобаның сәтті екенін көрсетеді.

Жобаның ерекшелігі – дәрігерлер арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен науқасты қашықтықтан тексере алады. Ол жерде гинекология, ультрадыбыстық зерттеу, дерматология, кардиология және офтальмология бағыттары қамтылған.

СӘКЕН ӘМРИН, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:

– Бүгінгі іс-шарада біздің кардиолог дәрігер қашықтан Тайынша аудандық ауруханасында отырған науқасқа онлайн тексеру жүргізді. Дәл осылай жыл басынан бастап 1500-1700-ден астам науқасты қарап, кеңес бердік. Тамақ, құлақ, жүрек, асқазан өкпе ауруларын тексеріп дер кезінде көмек көрсете аламыз.

Қазір телемедицина құралдары Ақжар, Уәлиханов, Айыртау, М.Жұмабаев, Тайынша және Жамбыл аудандарында қолданылуда. Бүгінгі іс-шараға М. Жұмабаев аудандық ауруханасының директоры Гүлбану Сағындықова да келген. Оның айтуынша, бүгінде телемедицина құралдары Возвышенка және Полудино ауылдарында да бар.

ГҮЛБАНУ САҒЫНДЫҚОВА, М.Жұмабаев аудандық ауруханасының директоры:

– Біз осы телемедицина жобасы арқылы қашықтан 422 кеңес өткіздік. Оның 55-і қаладағы және аудандағы мамандармен өткізілді. Яғни, амбулаторлық орталық пен фельдшерлік-акушерлік қызметкерлер арасында болды. Біздің аудандық аурухана невропатологтармен, акушер-гинекологтармен және эндокринологтармен жұмыс істейді.

 

“Қызылжар” телеарнасы