Sailau banner

Қоғам

Петропавлдықтар 150 АЕК көлемінде төлем алуда

Бұл – қалалық әкімдіктің 4-ші қабатында орын алатын күнделікті көрініс. Дәлізде құжат ұстаған ондаған жан тұр. Бәрінің мақсаты – тасқыннан зардап шеккен жандарға берілетін 150 АЕК көлеміндегі төлемге өтініш жазу. Айта кетейік, мұндай жәрдем бүлінген мүлік үшін тағайындалады.

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, Петропавл қалалық қоғамдық комиссиясының мүшесі:

– 150 айлық есептік көрсеткіш дегеніміз – 553 800 теңге. Бұған біреудің көңілі толады, біреудікі толмайды. Адамдарды түсінеміз. Біз оларға өз тарапымыздан түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Арамызда заңгерлер бар. Осы күнге дейін 6 адам шешіммен келіспеді. Олар енді мәселені құқықтық негізде шешеді.

Әкімдікке күнде 100-ден астам адам келеді. Бәрін қабылдап, өтініш жазғызу керек. Сол үшін арнайы комиссия өкілдері жан-жаққа бөлінген. Ақыл-кеңес береді, қосымша ақпармен бөліседі.

Жұмыстың ұйымдасқаны көрініп тұр. Әр адам өз міндетін біледі. Осының арқасында зардап шеккен тұрғындар істі аз уақыттың ішінде тындырады.

НАЙЛЯ ДЕНИСОВА, қала тұрғыны:

– Көрсетіліп жатқан материалдық көмекке ризамыз. Әкімдік, ел билігі бізді назарсыз қалдырмады. Бұған дейін де 100 АЕК көлемінде жәрдем алдық. Өзіміз Зеречный кентінде тұрдық. Үйіміз жөндеуге жарамды деп еді, кеше жарамсыз деген шешім шықты. 40 жылдан артық өмір сүрген үйіміз бұзылмақ.

Жауаптылардың айтуынша, облыс орталығында тасқыннан 2 мыңнан астам адамның мүлкі бүлінген. Олардың 1500-ге жуығына тиісті төлем тағайындалыпты. Маңызды жұмыс жалғасын таппақ.

 

Байболат Құлтанов