Sailau banner

Қоғам

Қызылжар ауданында бағалау комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр

Қызылжар аудандық әкімдігіне келіп-кетуші халықтың қарасы әлі де қалың. Бұл жерде су тасқынынан зардап шеккен жандардың шығынын бағалау жөніндегі комиссиясының отырысы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бүгінгі күнге дейін арнайы топ 20-дан аса жиын ұйымдастырған. Жалпы, мұнда 1500-ден астам тұрғынның өтініші қаралуы тиіс.

ҚУАНДЫҚ ШӘКУБАЕВ, Қызылжар ауданы бағалау комиссиясының төрағасы:

– Бүгінгі таңда 1100-ге жуық адамның үйі жөндеуге жатқызылды. 300-ден астам адамның үйі апаттық деп танылды. Бұл кісілерге үй алынады.

Демек, қаралуы тиіс өтініш аз қалды. Бүгінгі кездесуге Гүльмира Оразалинова жолдасымен қатысып отыр. Салып жатқан үйлерінің бірінші қабатын су басқан ерлі-зайыпты комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Тасқынның салдарынан терезелер қираған. Бағалаушы осыны құжатқа түсіріпті. Ал, қираған қысқа қос қабырға есепке алынбаған. Мәселені комиссия мүшелері жіті қарады.

ГҮЛМИРА ОРАЗАЛИНОВА, Тепличное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Перегородкасына ақша төлемейміз деп жатыр. Оны бағалаушы көрген еді, суретке түсірді.

Мәселе аяқсыз қалмайды. Комиссия мүшелері бағалаушы маманға хабарласып, құжаттарды қайта қарайтындарын айтты. Демек, жөндеуге ұсынылған 1 млн 200 мың теңгеден астам сома алдағы уақытта ұлғаюы мүмкін.

 

Байболат Құлтанов