Sailau banner

Қоғам

Новоишим ауылында екі бағытта жол жөндеу жұмысы жүріп жатыр

Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим ауылы тұсында жол жөндеу жұмысы қызу жүріп жатыр. Мынау – Саумалкөлге баратын жол. 95 шақырымдық аралықта бірнеше ауыл бар. Айыртау ауданының орталығымен байланыстыратын бағытқа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Мердігер – жергілікті серіктестік. Іске 50-ге жуық жұмысшы мен 20-ға жуық техника жұмылдырылған.

МИСАК МОВСЕСЯН, мердігер серіктестік директоры:

– Бұл жолды біз былтырдан бері жөндеп жатырмыз. Күз келісімен жұмысты тоқтатып, биыл қайта кірістік. Ағымдағы жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жұмыс күшіне келетін болсақ, техника жеткілікті, маман тапшы. Көбі мұндай ауыр жұмыспен айналысқысы келмейді.

Ал мынау – жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан екінші бағыт. Жезқазған-Петропавл республикалық тасжолы Новоишимді басып өтеді. Жолды түгел жөндеуге 4 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталыпты. 100 шақырымына Қазавтожол жауапты. Қалғанын өзге мердігерлер оңдап жатыр. Орташа жөндеу жұмысы былтырдан бері жалғасуда.

ЕГОР ГИНКЕЛЬ, мердігер серіктестіктің бөлім басшысы:

– Біз жолдың 695-ші шақырымында тұрмыз. Республикалық трассаның 100 шақырымына жауаптымыз. Жөндеу жұмысына 50-ге жуық адам мен осынша техника тартылған. Әзірге, 7 шақырымын ғана дұрыстадық. Әлі атқаратын жұмыс көп. Бәрі кесте бойынша жүріп жатыр.

Жезқазған-Петропавл бағытын жөндеу жұмысы 2025 жылға дейін толығымен тындырылуы тиіс. “Жол қадірін жолаушы біледі” демекші, тұрғындар оң өзгеріске ризашылығын білдірді.

– Мен осы жерден 50 км жердегі Шүкіркөл деген жерде тұрамын. Жолды енді бастап жатыр. Жүруге ыңғайлы.
– Мен жақын жерде тұрамын. Новоишимкаға күнде барамыз. Жолдар оңалып, жолаушының жағдайы жақсарып қалды.
– Біз бұл жолмен жиі жүреміз. Жолдың жөнделуі – тұрғындар үшін бір қуаныш.

 

Гүлден Сембаева