Мәдениет

Бас алаңда домбырашылар күй тартты

Нағыз қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ – домбыра! Халқымыздың атақты күйшілерінің күйлері облыс орталығындағы бас алаңда шырқалды. Мемлекеттік рәміздер күніне арнап “Күдер” домбырашылар ансамблі Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғисалардың ел, жер туралы күйлерін тарттты. Домбыраның құлағында ойнайтын ұл-қыздарға қарасаң көз сүйсінеді. Талантты жастардың жетекшісі Тойкен Күдерованың сөзінше, осындай дарынды шәкірт толқынын тәрбиелеп жүргеніне 40 жылдан асқан.

ТОЙКЕН КҮДЕРОВА, “Күдер” домбырашылар ансамблінің көркемдік жетекшісі:

– Тұрғындардың патриоттық сезімдерін ояту мақсатында балаларымды осы жерге алып келдім. Бұл балалар кәсіби домбырашылар емес. Жыл сайын түрлі жастарды дайындаймын. Әрине, оңай емес. Оқушыларыма артып отқан үмітім зор.

Жалпы, “Күдер” ансамблінің құрылғанына – 30 жыл. Осы күнге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Шетел асып, талай халықаралық байқауда топ жарыпты. Құрманғазы мен Динаның ізбасарлары бүгінгі іс-шараға 20-ға жуық күй дайындап әкелген.

АСАНӘЛІ ОРАЗ, “Күдер” домбырашылар ансамблінің мүшесі:

– Домбыра тартып жүргеніме 9 жыл болды. Өнер колледжінде 5-ші сыныптан бастап оқимын. Атақты жандардың 60-қа жуық күйін білемін. Барлық қазақстандықтарды мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Айта кету керек, қазіргі таңда ансамбльде құрамында білікті маманнан 9 домбырашы тәлім алып жүр.