Мәдениет

“Жұмағым” қойылымының премьерасы ұсынылды

Сейсенбінің кешінде қаладағы сәні мен салтанаты жарасқан қазақ театрына халық көптеп жиналды. Жұртшылыққа “Жұмағым” атты қойылымның премьерасы ұсынылды. Спектакль Шаманадзенің “Үлкен лоджиялы шағын пәтері” пьесасының желісі бойынша сахналанған. Режиссері – Барзу Абдураззаков. Жанры – драма.

ОЛЖАС ЗЕЙНОЛЛА, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бөлім меңгерушісі:

– 12-мамыр – Халықаралық аналар күні болған еді. Ол кезде тікелей эфирде “Мама” деген спектакль қойдық. Бұл жолы Тәжікстаннан келген Тәжікстан Республикасының халық әртісі Барзу Абдураззаков деген режиссер осыған дейін “Кукарача”, “Қарапайым адам” және “Ревизор” қойылымдарын сахналаған болатын. Әр жыл сайын келісімшарт бойынша спектакль қойып отырады.

Қойылымда бас-аяғы 7 актер бой көрсетеді. Олар премьераға 1 ай көлемінде дайындалыпты.

ОЛЖАС ЗЕЙНОЛЛА, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бөлім меңгерушісі:

– Бұл қойылымынң бір ерекшелігі – бәлкім совет кезеңінің 80-жылдарын қамтиды. Сол кездегі ауылдағы емес, қаладағы жанұяның тұрмыс-тіршілігі сипатталады. Басты рөлдегі актерлер күйбің тірліктен шаршаған жандарды көрсетеді. Ананың жігері мен мықтылығының арқасында сақталып тұрған отбасыны көреміз.

Ал енді қойылымның мазмұнын тарқатайық. Сахна шымылдығы ашылғаннан қазақтың қарапайым жанұясының күйбің тіршілігі сипатталады. Ішімдікке салынған әке, айтқан тілді алмайтын ұл мен қыз және кедейліктен шаршаса да отбасын бақытқа жетелеп жүрген батыл ана. Үйдегі берекені сақтап, шыр-пыр болған отанасының не перзенті, не жолдасының жылы сөзіне жарымауын көруге болады.

Көп бала аналарын тыңдамай, зекіп, айтқанын орындатуға болатынын біледі. Бірақ, өзі үшін небір жанкештілікке баратын ең мейірбан, жақын адамынан жериді. Қойылымда ең ауыр тигені – анасын адам құрлы көрмейтін ұл мен қыздың іс-әрекеті мен сөздері болған шығар.

Жалпы, бір жарым сағатқа созылған спектакль адам баласы ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, шашына ақ түсірмей, қасиетті тұлғаны бақытты ету керектігін насихаттайды.

 

Ақжүніс Мұқатай