ТЖ

Петропавлда 238 үй тұруға жарамсыз

Өзіміз жақсы білетіндей, тасқын кезінде Қызылжар ауданындағы 20-ға тарта ауыл зардап шекті. Мыңдаған адамның еңсесі түсті. Қазір аудан аумағында су тартылған. Күйбің тірлік жалғасып жатыр.

ЖАНЕЛЬ БАТАНОВА, Қызылжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Есіл өзені деңгейінің көтерілуі салдарынан Қызылжар ауданына қарасты 18 елді мекендегі 1546 үйді су басты. Қазіргі уақытта зардап шеккен барлық баспаналардан су кетті. Жалпы, сәуірдің 12-сінен бастап зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірреттік көмек көрсету жұмыстары басталды. Бүгінде 1 459 адамға жалпы сомасы 538 млн 662 мың теңге көлемінде төлем жасалды.

Бүгінде облыс орталығында үйлерді бағалау жұмысы қарқын алған. Әкімдік өкілдері ұсынған ақпарға сүйенсек, қалада 2156 баспанаға су кіріпті. Оның 1200-ге жуында арнайы мамандар болып, деректерді түртіп алған. Өкінішке қарай, кейбір жандар үйлеріне қайта орала алмайды.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Мүлікті бағалау бойынша 7 компания жұмыс істеуде. Қала бойынша 238 үй тұруға жарамсыз.

Залалды өтеу міндетті түрде заң жүзінде тындырылады. Егер адамдар құжаттарға қатысты қиындықтарға тап болса, қалалық әкімдіктегі 425 кабинетке жүгіне алады.

 

Байболат Құлтанов