Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің қатысуымен баспасөз туры өтті

Петропавлда облыс әкімінің қатысуымен баспасөз туры ұйымдастырылды. Алдымен Ғауез Нұрмұхамбетов Солнечный-2 ықшам ауданында болды. Мұнда 100 үйдің іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріліп жатыр. Кейбірінде төбе жұмыстары бастау алған.

Бөлмелердің орналасу тәртібі көпшілікке ұнады. Журналистер назар аударған тағы бір мәселе – үйлердің сыртқы келбеті мен шаруашылық нысанның тұрғызылуы. Бұл жоспарда бар. Аймақ басшысы көзделген істі баян етті.

Тас жолдың келесі жағында Солнечный-2 ықшам ауданының екінші жартысы орналасқан. Мұнда да 100 үйдің құрылысы басталды. Болашақта қосымша панельді 300 баспана салынады. Оны астаналық мамандар көтереді.

Тұрғындардың құлағына алтын сырға! Егер адамдар әкімдік ұсынған пәтерлерді құптамай, өз ұсыныстарын білдірсе, олардың тілегі жерде қалмайды.

Баспасөз туры “Радуга” серіктестігінің гуманитарлық көмекті қабылдап-тарату қосынында жалғасын тапты. Бұл жерге жүздеген тонна жылу жетті. Барлығы қалаға және аудандарға әділ әрі ашық түрде үлестіріліпті.

Бүгінде өңірге көмек жөнелту тоқтаған. Ойқала ықшам ауданында тіршілік жанданып келеді. Мұнда аудандардан келген арнайы бригалар тер төгіп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, су кірген 10-нан аса үй қайта қалыпқа келтірілуде.

Аймақ басшысы жауапты жүкті иықтарына артқан жігіттерге сәттілік тіледі. Былғары зауыты ықшам ауданында да оң өзгеріс байқалады. Жалпы, ауданы 100 шаршы метрден асатын мына үй Андрей Андреевке тиесілі. Бағалау комиссиясы оның баспанасына келген шығынды 10 млн теңге деп бағалапты. Қазір жөндеу жұмысы жүргізілуде.

АНДРЕЙ АНДРЕЕВ, Былғары зауыты ықшам ауданының тұрғыны:

– Үйімізге 1 апта бұрын келдік. Бірден жөндеу жұмысына кірістік. Бағалаушы маман тағайындаған ақшаға көңіліміз толады. Тасқын кезінде баспана ішіндегі судың биіктігі 1,5 метр болды.

Іске Шал ақын ауданынан келген бригада жауапты. Аудан әкімінің орынбасары істің басы-қасында жүр.

АРМАН ДҮЙСЕНБИНОВ, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:

– 11 үйде жөндеп жатырмыз. Адам мен техника жеткілікті. Жұмыс жалғастырамыз.

Былғары зауыты ықшам ауданында облыс әкімі су сору жұмысымен де танысты. Баспасөз туры соңында Ғауез Нұрмұхамбетов тілшілерге сұхбат берді. Алдын ала есептеу бойынша тасқын өңірге 70 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қомақты қаржы бірнеше көзден қарастырылды. Жұмыс жалғасады. Демек, көптің жүзінен күлкі кетпеген қалыпты өмір көп ұзамай қайта оралады.

 

Байболат Құлтанов