Қоғам

Жұмыссыз азаматтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жұмысқа орналаса алады

Екі қолға бір күрек іздеп жүргендерге құлаққағыс. Енді жұмыссыз жүрген ел азаматтары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетіп, нәпақа таба алады десек болады. Мұндай мүмкіндікті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынып отыр.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Бұл жобаның маңыздылығы – біз жұмыс табуға және су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге қатысуға ниет білдірген әрбір адамды жедел жұмысқа орналастыру үшін цифрлық ортаны қамтамасыз етеміз. Қазіргі уақытта біз жұмыс берушілер базасын және бос жұмыс орындарын толықтырумен айналысудамыз. Өңірлер үшін кез келген адамның қатысуы өте маңызды, өйткені, қазір білікті мамандар да, бейінді білімі жоқ азаматтар да қажет екенін айта кету керек.

Инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін қолға алынған жоба “Бірге салайық!” деп аталады. Сайтқа кіріп, ең алдымен аймақты таңдау керек. Әрі қарай құрылыс компаниялары ұсынған бос жұмыс орындармен танысасыз. Мәселен, теріскей өңіріне құрылыс және монтаж жұмыстарының шебері, инженер-сметашы мен құрылыс электригі сынды мамандар керек деп көрсетілген. Жұмыстың тәртібі, қажет дағдылар мен жалақы көлемі де беріліпті. Ең аз деген табыс көзі 190 мың теңгенің көлемі болса, жоғарысы 350 мыңды көрсетіп тұр. Осылайша әр тұрғын өзіне ұнаған кез келгеніне ынта білдіріп, әңгімелесуден өте алады. Қазіргі уақытта платформада 42 бос жұмыс орны бар.

АҚЖҮНІС МҰҚАТАЙ, тілші:

– Су тасқыны кезінде елдің біраз өңіріне орасан залал келді. Оның ішіне біздің аймақ пен Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай мен Павлодар облыстары кіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды жобаға қатысуға және зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіруге өз үлестерін қосуға шақырады.

 

Ақжүніс Мұқатай