Қоғам

Тасқынмен күрескен әскери қызметшілер үйлеріне аттанды

Бескөл ауылында Қонаев қаласынан келген 58012 әскери бөлімі қызметшілерін салтанатты түрде шығарып салу шарасы өтті. 15 жігіт теріскейде 1 ай болды. Олар күн-түн демей еңбек етті. Табиғи апат кезінде адамдарды, жануарларды эвакуациялады.

ӘМІР ӘДІЛҰЛЫ, ҚР ҚК 58012 әскери бөлімі понтондық көпір батальоны командирінің орынбасары, Қонаев қаласы:

– Қаланың 3 аймағында жұмыс істедік. Прибрежное ауылына келген гуманитарлық көмекті тасыдық және электр қуатын қайта беру ісіне ат салыстық. Тапсырмаларды бұлжытпай орындауға дайын келген адамдармыз. Жергілікті халықтың тыныштығына көмегімізді тигіздік деп ойлаймын.

Қонаев қаласының 58012 әскери бөлімі қызметкерлері су тасқыны орын алған 3 өңірде жұмыс істеді. Олар: Ақмола, Ақтөбе және СҚО. Шарада облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев бүгінгі күннің батырларына алғысын айтып, аймақ басшысының Алғыс хатымен марапаттады.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Еліміздің 8 өңірінен 1700 адам келіп, тасқынмен күресті. Бұл – бірліктің белгісі. Әскери қызметшілер мен құтқарушылар аянбай еңбек етті. Сіздердің арқаларыңызда адамдар аман қалды. Баршаңызға алғыс білдіремін!

Қонаевтық әскерилер облысқа 12 техника жеткізді. Әкелгендері жай дүниелер емес. Олар Прибрежное ауылының тұрғындарына көмек көрсету кезінде пайдаға жарады.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Понтонды техниканың көмегімен бірнеше тонна гуманитарлық көмек, азық-түлік және су тасымалданды. Тұрғындар алаңдамай, қорықпай жұмысқа, дүкенге барып жүрді. Қонаев қаласынан жеткізілген техника да, адамдар да көп көмек көрсетті. Қызылжар жұрты өте риза.

Сондай-ақ, шара барысында әскери бөлім өкілдері «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» атынан марапатқа ие болды.

 

Гүлден Сембаева