Ауыл шаруашылығы

Шал ақын ауданындағы сүт фермасына шетелден қара мал жеткізілді

Мына голштейн тұқымды тайшалар сонау Дания Корольдігінен әкелінді. Бұл шетелдік қара мал сүтті. Біреуі тәулігіне орташа есеппен 32 литр сүт береді. Сергеевкада орналасқан сүт фермасына 2 күнде даниялық сиырлардың 140-қа жуығы жеткізіліпті. Жолда 10 күн бойы болған қара мал 1 ай карантинде тұрады. «LTD Zha-Group» сүт фермасының директоры Жәнібек Есілбаевтің айтуынша Чехиядан да қара мал алдыртқан. Симментал тұқымды сиырлардың саны 130-ға жуықтайды.

ЖӘНІБЕК ЕСІЛБАЕВ, «LTD Zha-Group» сүт фермасының директоры, Шал ақын ауданы:

– Келісім шарт шасалған. Сиырларды бірте-бірте әкеле бастаймыз. 600 бастың бәрін бірдей әкелсек, қиынға соғып кетуі мүмкін. Сол себепті, бірнеше бастан әкелуді жөн көрдік.

Жазда шаруашылыққа Даниядан тағы бірнеше ірі қара әкелінбек.
Жалпы, сиыр сатып алуға серіктестік барлығы 800 млн теңге несие алған. Айта кетейік, сүт фермасы 720 малға шақталған.

ЖӘНІБЕК ЕСІЛБАЕВ, «LTD Zha-Group» сүт фермасының директоры, Шал ақын ауданы:

– 2022 жылы құрылыс басталды. СПК-дан 400 млн теңгеге қаржылай несие алдық. Оған сиыр мен техникалар кіреді. Екі сауын бөлмесі болды. Біріншісі – ёлочка, екіншісі – карусель. Карусель 36 басқа арналған. Желтоқсан айында бітеді деп жоспарлап отырмыз.

Жоспарланған жұмыс мемлекет қолдауымен біртіндеп сәтті жүзеге асуда. Шетелден асыл тұқымды мал келіп жатыр. Енді оны күтіп-баптайтын жұмыс күші қажет. Осы ретте мәселе бар.

ЖӘНІБЕК ЕСІЛБАЕВ, «LTD Zha-Group» сүт фермасының директоры, Шал ақын ауданы:

– Ұрықтандырушы, ветеринар, сауыншылар жетіспейді. Бұл мәселе бізде ғана емес, басқа да ауыл шаруашылықтарында да бар. Қаржы жағынан көп жұмсап, түрлі заманауи құрылғылар алып жатырмыз.

Сүт фермасында дәл қазіргі уақытта 20 адам жұмыс істеп жатыр.
Барлығы – 40 жұмысшы болуы керек. Қолға алатын жалақы кемінде 200 мың теңгені құрайды.

 

Гүлден Сембаева