Жексенбілік кеш жергілікті полиция капитаны Бақтияр Дощановтың мәңгі есінде қалмақ. Күнделікті жұмысында жүрген тәртіп сақшыларына облыс орталығындағы үйлердің біріндегі бесінші қабаттан секіргелі тұрған қыз жайлы жедел хабар түседі. Оқиға орнына Бақтияр Дощанов пен әріптесі Азамат Темірханов бірден аттанады. Өз-өзіне қол жұмсаудың аз-ақ алдында тұрған бойжеткенді көріп, батыл мамандар құтқару операциясына кіріседі.
Барлығын лезде ой елегінен өткізіп, ақылға салған мамандар үйге кірген. Бірі терезе арқылы сыртқа шығып, қыз тұрған балконның жақтауына табан тірейді. Көп ұзамай Бақтияр Дощанов бойжеткенді қапсыра құшақтаған қалпы ішкі кіргізеді.
БАҚТИЯР ДОЩАНОВ, Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
– Әріптесім Темірханов Азамат пәтерге кетті, мен астында қалдым, қарап тұрдым. Сосын ол мені шақырып алды. Мен пәтерге көтеріліп, балконның карнизына шығып, қызды сәл көтердім. Азамат балконның ішінен тартып алды. Біз қыздың ойында не бар екенін білген жоқпыз. Ойланатын уақыт болған жоқ.
Шенділер өздерінің іс-әрекетін батырлыққа баламайды. Олар мұны міндетіміз деп санайды. Департаментке хабарласып, оқиғаның мән-жайын анықтап көрдік. Алайда, қыздың не себепті секірмек болғанын анықтай алмадық.