Облыс орталығындағы Орман ықшам ауданы жылдан-жылға дамып келеді. Сондықтан, 600 орынға арналған жайлы мектеп «Samruk-Kazyna Construction» тапсырысы бойынша дәл осы жерде бой көтеріп жатыр. Оқу орнын ағымдағы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін тапсыру жоспарланған. Аталған мақсатқа жету үшін алаңда 100-ден аса адам еңбектенуде. Мердігер ұйым «ASTI» серіктестігі құрылысқа өткен жылдың тамызында кірісіпті.
Ұлттық жобаны іске асыру барысында қазақстандық бизнесті қолдауға да ерекше назар аударылуда. Себебі, мектептердің құрылысына бөлінген бюджеттік қаражат ел экономикасында қалып, оның дамуы үшін жұмыс істеуі қажет. Сондықтан, құрылыс материалдарының көп бөлігі жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынуда.
СӘКЕН ІЛИЯСОВ, «ASTI» ЖШС учаске басшысы:
– Қазір бетондық жұмыстар жүріп жатыр, 80-90 проценті аяқталып қалды. Сонымен қатар, газоблоктан сыртқы жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс материалдары – жергілікті газоблок. Ал қызыл кірпіш Көкшетау фирмасынан алынып жатыр. Барынша қазақстандық өнімге көңіл бұрудамыз. Бетон да осы Петропавл қаласынан, 2-3 зауытпен келісімшарт бар, күні-түні жұмыстың барысына байланысты бетон алып тұрамыз.
Жайлы мектеп заманауи білім мен сапа стандартына сай тұрғызылып, жарақтандырылады. Нысан аумағы – 10 мың шаршы метр. Оқушылардың легін бөлу мақсатында мұнда 2 спорт залы қарастырылған. Үлкені орта және жоғары буын сыныптарына арналса, шағындау келгенінде бастауыш оқушыларының дене шынықтыру сабағы өткізілмек. Одан бөлек, оқу орнының алаңында стадион, ойын алаңқайлары мен ұлттық спорт түрлерін насихаттауға арналған алаң орналасады.
АСХАТ КЕНЖЕБОЛАТОВ, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ СҚО бойынша өңірлік өкілі:
– Мектептер озық стем-зертханалары, робототехника кабинеттері, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтарымен жабдықталады. Әр қабатта ауызсу бұрқағы орнатылып, әр оқушыда жеке заттарын сақтайтын шкаф болады. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта жасалады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артпақ. Нысан бейнебақылау камералары, кіріп-шығуды қадағалау жүйесі және қауіп төнген жағдайда есіктерді автоматты түрде құлыптау жүйесімен де қамтылады.
Мектеп 4 жағынан автокөлік жолдарымен, кең автотұрақ, автобус аялдамасы және жарықтандыру жүйесімен қамтамасыз етіледі. Аталған жұмыстарды орындау үшін Петропавл қаласының әкімдігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер ұйым анықталған. Ал сыртқы инженерлік желілерді нысан аумағына дейін тартуға құрылыс басқармасы жауапты. Ведомство шаруаға ағымдағы айда кіріспек. Жалпы, ел Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 1 кезекте 2700 оқушы орнына арналған 4 білім ошағы бой көтереді. Оның ішінде екеуі биыл, қалған екеуі келесі жылы халық игілігіне тапсырылмақ.
Байболат Құлтанов