Қоғам

Ойқаланы тазалау шарасы өтті

Бұрынғы Ойқала қандай, қазіргісі қандай? Потанин көшесімен төменге қарай жүрсең, жағаңды ұстайсың. Сынған терезе, құлаған қоршау, аударылған монша, тасқынмен келген түрлі қоқыс.
Енді осының бәрін тазалап, түзеу керек. Қалада әр апта сайын сенбілік өткізіледі. “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткен игі іске еріктілер мен түрлі ұйым өкілдері қатысуда.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, қала тұрғыны:

– Біздің ұйым атынан тазалық жұмысына 20 адам шықты. Потанин көшесін жинастырудамыз. Апта сайын аталған шараға қатысып тұрамыз. “Таза Қазақстан” акциясын әр уақытта қолдаймыз.

Тазалық шарасынан ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары да тыс қалған жоқ. Олар өздеріне берілген аумақты бірер минуттың ішінде тап-тұйнақтай етіп, тазалап шықты. Ұйым атынан сенбілікке шыққан адам саны көп болғандықтан жұмыстарын да тез аяқтады. Жиналған ірілі-ұсақты қоқыс техникаға тиелді.

ӘСЕМ НҰҒЫМАНОВА, қала тұрғыны:

– Өткен аптада Жеңіс саябағын, 3-ші аурухана маңын тазаладық. Бүгін Ойқала ықшам ауданын тазалап жатырмыз. Тасқыннан зардап шеккен жандарға көмектесудеміз.

Апта сайын өтетін тазалық шарасына қала бойынша барлығы – 3 мыңға жуық адам қатысты.