Құқық қорғау органдары

Алаяқтар ұрлаған ақшаның 2 пайызы ғана қайтарылған

Биыл 300-ге жуық солтүстікқазақстандық интернет-алаяқтарға алданған. Келген шығын 260 млн теңгеден асып отыр, орны толтырылған ақша небәрі 21 млн-ға жуықтайды. Ел бойынша статистикаға тоқталар болсақ, жыл басынан бері қулар қазақстандықтардан шамамен 12 млрд теңге жымқырған. Мұнда да айырмашылық жер мен көктей. Бар-жоғы 253 млн теңге иелеріне қайтарылыпты. Өткен жылы да келтірілген залал 12 млрд-қа жуықтайды. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, трансшекаралық сипатқа байланысты интернет-алаяқтық фактілерін ашу және тексеру қиын. Мәселен, биыл Украинада қазақстандықтарды алдап жүрген ірі байланыс орталығының қызметкерлері ұсталды. Құны 200 мың доллардан асатын телефондар, ноутбуктер және цифрлық активтер тәркіленді. Былтыр шетелден шалынған 46 жарым млн алаяқтық қоңырау бұғатталған. Киберпол мамандары өңірлерде 1 мыңға жуық адамды ұстап, жауапқа тартты. Желіге мониторинг жүргізу барысында биыл 14 мыңға тарта интернет-ресурс анықталды. 5 мыңнан астамында алаяқтық белгілер бар. Мыңнан астамы есірткі қылмысына қатысты болса, 4 мың 300-і экстремистік сипаттағы болып шықты.

 

Гүлден Сембаева