1 мамыр күні қала әкімі Серік Мұхамедиев су тасқынынан зардап шеккендермен кездесті. Жиынға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен заңгерлер және Петропавлдың әр түрлі ауданында тұратын адамдар қатысты. Ақмарал Рүстемованың саяжайы Заречный кентінде орналасқан. Су астында қалған жазғы үйде 3 адам тұрыпты. Нәзікжанды бұған дейін әкімдікке жүгініп, өтемақы туралы сұраған екен.
АҚМАРАЛ РҮСТЕМОВА, Заречный кентінің тұрғыны:
– Әкімдікке бардым. Мамандар алдымен үйлерді бағалап алайық, сосын саяжайларға көшеміз деді. Уайымдамауды өтінді.
Ринат Мамлютов та Заречный кентінде тұрыпты. Өкінішке қарай, оның да үйі су астында қалды.
РИНАТ МАМЛЮТОВ, Заречный кентінің тұрғыны:
– Мәселе мынада, біздің кенттегі үйлердің басым бөлігі су сіңдіретін материалдардан салынған. Қазіргі уақытта олар суда тұр. Баспаналарды толық бұзса ғана кептіру мүмкіндігі туады. Осы орайда “мұндай үйлерді комиссия қалай бағалайды?” деген мәселе туындайды. Оны уақыт көрсетеді. Барлық құжатты жинап қойдық, бірреттік төлем алдық. Егер әкімдік пәтер немесе лайықты ақша ұсынса, бұл нұсқаны қарастырып көруге болады.
Толғандырған проблемалар баршылық. Тасқыннан зардап шеккендерді көбінесе үйге қатысты құжаттарды рәсімдеу мәселесі алаңдатады.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Нужно решать это через судебные органы. Нужно подать заявление и рассмотреть.
Бағалау комиссиясының жұмысына және қираған тұрғын үйдің орнына баспана беруге қатысты да мәселе көтерілді.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Пәтерге емес, салынып жатқан үйге көшкіңіз келсе, сіздің қалауыңыз құпталады. Бұған дейінгі үйіңіздің ауданына қарамастан, біз баспана ұсынамыз. Әрбір тұрғын жайды залалды бағалайтын лицензиясы бар компания бағалайды. Егер нысан жарамсыз деп танылса, ол бұзылады. Қарама-қайшы жағдай орын алса, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сіздерге жөндеумен айналысатын компанияны ұсына аламыз. Бас тартқан жағдайда ақша банк шотына аударылады және тиісті істі өзіңіз жүргізесіз.
Кейбір қала тұрғындары пәтер жалдауға мәжбүр. Қаржылық қиындықтарға байланысты олар жалдамалы баспаналарда ұзақ тұра алмауы мүмкін. Серік Мұхамедиев жақын арада қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі орналасқан нысан жанындағы жатақханадан қосымша 306 төсек-орын берілетінін айтты.
Байболат Құлтанов