СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Ғауез Нұрмұхамбетов: Су кірген үй тұрғындарына шығын толық көлемде өтеледі

Тайыншалық тұрғындар мен құтқарушылардың тыным таппағанына бірнеше күннің жүзі болды. Мазалайтын мәселе – Шағалалы өзені арқылы көршілес өңірден келген көп мөлшердегі судың қалаға жайылып кетпеуі. Тасқынға тосқауыл ретінде ұзындығы 6 шақырымды құрайтын бөгет жасалған. Қазір мамандар соны құм салынған қаптар арқылы нығайтып жатыр. Іске Түркістан облысынан арнайы шақырылған жігіттер де білек сыбана кіріскен. Теріскейге су таяғанда күнгейдегі азаматтар қол қусырып қала алмапты.

ДАРХАН БЕЙСЕУОВ, Түркістан облыстық ТЖД орталық бастығы:

– Қазақтың елін, ауылдарды су алып жатқан кезде біз жай жата алмадық. Шұғыл шығып кеттік. Қазір бөгетті нығайту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Егер қосымша тапсырмаса түссе, қосымша топ осы жаққа келуге дайын отыр.

Маңызды жұмысқа қарапайым тұрғындар да тартылған. Олар жұдырықша жұмылсақ қана табиғи апаттың алдын аламыз дейді.

ВАСИЛИЙ АСАУЛЯК, жүргізуші, Тайынша ауданы:

– Мамандардың барлығы ұйымдасқан түрде жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысы өзінің ісін жақсы біледі. Элеватор 2 «КамАЗ» көлігін бөлді. Соның бірін мен жүргіземін. Менің міндетім – құм салынған қаптарды жылдам тасу. Қазір бізге бірлік керек. Барлығымыз біріксек, қиындықты жеңеміз.

Тайынша ауданындағы жағдаймен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы келіп танысты. Қаланың іргесіндегі бөгетті көрді. Бел жазбай тер төгіп жатқан жігіттерге алғысын білдірді.

Қазір Тайынша қаласына су кіру қаупі бірнеше жерден төніп тұр. Аудан орталығын аралаған облыс әкімі жол-жөнекей жиі тоқтап, мән-жайды сұрады, тұрғындармен тілдесті.

Өкінішке қарай, тасқын Тайынша ауданындағы Теңдік ауылына да таяп қалды. Елді мекеннің іргесіндегі тас жолдың бір бөлігін су шайған. Облыс әкімі мұнда да болды. Жағдаймен жіті танысқан Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты тұлғаларға қауіпті учаскелерге техника тарту жөнінде тапсырма берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тасқынға қарсы жұмыстарға тиісті қаржы бөлінді. Бұл тұрғыда мәселе туындауы мүмкін емес. Қазір әр әкім қосымша техниканы жалдай алуы қажет. Мысалы, Тайынша ауданында жалдамалы тракторлар іске тартылмағанда жағдай қазіргіден де күрделі болар еді. Сондықтан, дайындықты күшейтіңіздер. Алдағы уақытта бұдан көп су келуі мүмкін.

Донецкое ауылында да жағдай мәз емес. Алқаптардан келген қызыл су қазір елді мекеннің іші арқылы өтіп жатыр.

Көкке көтерілген құлтемір аумақты анық көрсетеді. Айналаның барлығы су, ерімеген қар әлі бар. Яғни, жағаны жайлауға жібере алмаймыз. Сапар барысында өңір жетекшісі жергілікті тұрғындармен тілдесті. Әңгіме барысында іс насырға шапса, көмек көрсетілетіндігі айтылды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Егер үйлерге су кірсе, есептеулер жүргізіп, шығынды толық көлемде өтейміз. Президенттің тиісті тапсырмасы бар. Адамдарды, малды құтқару жайын үнемі назарда ұстау керек. Дәл қауіп төнгенде екі аяқ бір етікке тығылмауы тиіс.

Летовочное ауылындағы жағдай әзірге тұрақты болғанымен, назар аударуды қажет етеді. Мұнда алқаптан су келуі мүмкін. Аймақ басшысы
жол талғамайтын көлікпен даланы аралады. Алдағы бірер күнде температура бірнеше градусқа көтеріледі деген болжам бар. Осыны алға тартқан Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың бас құтқарушысы Ерік Сарыбаевқа өңірдің әр ауданында дайындықты күшейту бойынша тапсырма берді.

 

 

Байболат Құлтанов