Мәдениет

“Күй күмбірі” республикалық челленджі

Бүгін Наурыз мейрамының қарсаңында жас домбырашылардың арасында “Күй күмбірі” атты республикалық челлендж бастау алды. Осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан науқан бойынша сағат 12:00-де елдің барлық жерінде домбыраның күмбірлеген үні естілді. Аталмыш науқанға ұлттық киім киген теріскейлік 100-ден астам оқушы мен студент қатысып жатыр.

ЗӘМЗӘГҮЛ ТҰРЛЫБАЕВА, облыстық білім басқармасының бас маманы:

– Бұл челленджге ұлттық аспабымыз домбыраны сүйіп, күй өнерін меңгерген, танып білген оқушылар қатысуда. Әрбір мекемеде осы челлендж өтіп жатыр. Мектеп оқушылары ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар да ат салысып жатыр.

Йә, бүгін қара домбыраны меңгерген әрбір жан науқанда “Балбырауын”, “Адай”, “Сарыарқа” сынды күйлерді орындады. Челленджге қатысып жатқандардың бірі – Айдана Омарова. Ұлттық аспабымызды жанына серік еткеніне 7 жыл болыпты.

АЙДАНА ОМАРОВА, Е.Серкебаев атындағы өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-колледжінің студенті:

– Мен өнер колледжінің атынан “Күй күмбірі” атты республикалық челленждге қатысып, қазақ халқының мәдени және рухани қырын дамытуға үлес қосып жатқаныма қуаныштымын. Мен колледжді аяқтап, әрі қарай жоғары оқу орнына Құрманғазы атындағы консерваторияға түссем деген мақсатым бар. Кейін жұмысқа кіріп, шәкірт тәрбиелегім келеді.

Орындалған күйлердің бейненұсқасы әлеуметтік желілер арқылы таратылады.

 

Ақжүніс Мұқатай